RU
Толық нұсқаға өту

Қазіргі қазақ журналистикасының аяқ алысы қалай?

28.06.2025, 11:47 402

Бүгін – халықтың талап-тілегіне құлақ түріп, әлеуметтің жай-күйін билікке жеткізіп жүрген ақпарат жаршыларының кәсіби мерекесі.

Тарихы XIX ғасырда бастау алған қазақ журналистикасы қазір сандық технологиямен біте қайнасып, шекарасыз мүмкіндіктер дәуірінде халыққа қызмет етіп келеді. Бүгінде ақпарат саласына жасанды интеллект тың серпін берді. Қазіргі қазақ журналистикасының аяқ алысы қалай?

Назым Қайрат, тілші:

- Отандық медиа жаһандық тенденцияларға аяқ басып, түбегейлі жаңарды. Сандық технологияның көз ілеспес жылдамдықпен дамуы медиатұтыну форматын өзгертті. Бұл, әлбетте, ақпараттық қауіпсіздікті күшейтіп, құқықтық заңнамаларды қайта жаңғыртуға сеп болды. Былтыр қабылданған «Масс медиа туралы заң» соның бір дәлелі.

Серік Әбікенұлы, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры:

- Саяси журналистика деген байқау өтті. Сол кезде мемлекеттік БАҚ-тан көп материал түскенін көрдік. Демек, сынау жоқ. Бұл саяси дамуына, отбасы, ошақ-қасы әңгіме емес, тұтас елдің мүддесі үшін біздің қауым жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

Түрлі дереккөзден толассыз ақпарат ағынының түсуі дәстүрлі журналистиканы жаңа форматқа көшірді. Цифрлық платформалар, желілік басылымдар қатары артып, конвергентті журналистика қанатын кеңге жайды. Жасанды интеллекттің мүмкіндіктері молынан қолданылып, ақпаратты халыққа санаулы минутта таратуға жол ашылды.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жасанды интеллект өмірдің қай саласына болсын дендеп еніп келе жатыр. Осы кеше ғана Минскіде өткен үлкен алқалы басқосуда Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану туралы айтты. Мына жанталасқан заманда біздің тіліміздің қорғаны да, оның ғұмырын ұзартуға тікелей әсер ететін де осы жасанды интеллектінің пайдалы жерлері болуы керек деп есептеймін.

Көрерменге жедел ақпарат жеткізуде 24KZ арнасы да жаһандық трендтермен иық тіресе қызмет етіп келеді.

Жасын Біркенов, 24KZ телеарнасының директоры:

- Біз 24KZ телеарнасы болғаннан кейін біз кез-келген оқиғаны дер кезінде, сапалы ақпарат беруіміз тиіс. Мәселен, түнгі уақытта қандай да бір төтенше жағдайлар орын ала қалса, ол кезде енді осы жаққа, редакцияға бәріміз, бүкіл команданың жиналып келуі біраз уақыт алады ғой. Сол себепті, осы уақытты қысқарту мақсатында жаңа технологияларды, сандық технологияларды пайдалана отырып, алгоритмді өзгертіп, тексерілген ақпаратты жедел 15 минуттың ішінде эфирде жариялауға біз дайын боламыз.

Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуда масс-медианың атқарар үлесі зор. Қоғамның айнасына айналар медианы қалыптастыруда оның әлеуметтік жағдайы да назарға ілігері сөзсіз.

Серік Әбікенұлы, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры:

- Журналистика мамандығының өзінің әлеуметтік дәрежесінің алмағаны мысалы, әлі күнге дейін өзекті. Бірақ соған қарамастан, осы күндері мемлекеттік қолдауды көріп отырағанын байқаймыз. Мысалы, жаңағы Астанада әріптестерге жылда баспана беріліп жатыр. Оның үстіне қаражат та мемлекеттен жақсы бөлінеді. Сондықтан да қазіргі Қазақстандағы әлеуметтік саланың дамуы секілді журналистика сонымен қатарлас келе жатыр.

Ақпаратқа қолжетімділік жеңілдеген сайын журналистерге қойылар талап пен жауапкершілік салмағы артары даусыз. Өйткені журналистика жай ғана ақпарат таратушы емес, қоғамдық пікірдің бағыт-бағдарын қалыптастырушы құрал. Тиісінше, ол үнемі бұқараның үніне құлақ түріп, замана көшінен қалыспай, шынайы ақпарат таратуы тиіс.

Авторлары: Назым Қайрат, Мейрамбек Қайыргелді

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz