Ақмола облысында ішімдіктен бас тартқан ауыл саны 35-ке жетті, деп хабарлайды 24kz.
Бұл өңірде жүзеге асып жатқан «Зиялы қауым» жобасының нәтижесі. Биыл елді мекендерде қылмыс саны 30%-ке төмендеген. Ал кейінгі екі жылда 100-ге жуық ауылда бірде-бір құқық бұзу дерегі тіркелмей, жастардың спорт пен өнерге бет бұрғаны байқалады.
Красная Поляна ауылында 2006 жылдан бері ішімдік сатылмайды. Той-томалақтың арақ-шарапсыз өтетіні әдетке айналған. Игі бастамаға жергілікті тұрғындар себепші болған. Ақсақалдар кеңесі құрылып, барлық мәселе бірігіп шешіледі.
Магумад Умаров, Красная поляна ауылының тұрғыны:
- Осы бастаманы бәрі бір ауыздан қолдады. Қазір ауылда ішімдік түгіл темекі де сатылмайды. Қылмыс азайып, тұрғындар арасындағы келіспеушіліктер жойылды.
Асылбек Есмағамбетов, учаскелік полиция инспекторы:
- Ақсақалдар кеңесі жақсы жұмыс атқарады. Өте жақсы көмек көрсетеді. Кейбір түсініспеушіліктер болса, сол кісілермен қарым-қатынас жасап, жұмыс атқарамыз.
Кәсіпкерлер де бұл шешімді құп көрген. Дүкендерден арақ-шарап таба алмайсыз. Қазір «Зиялы қауым» жобасы 142 ауылда жүзеге асып жатыр. Бұл тізімге қосылатын елдімекен қатары да артып келеді. Әсіресе, Зеренді ауданының тұрғындары белсенді. Себебі ішімдіктен бас тартқан 35 ауылдың үштен бірі зеренділіктерге тиесілі.
Серік Әбутәліпов, ПД бастығының орынбасары:
- Бүгінгі күні сол кісілердің атқарған жұмыстары өте нәтижелі деп айтуға болады. Алдындығы есеппен айтқанда, 138 ауылдың 98-інде соңғы екі жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеді.
Руфат Құттықов, облыс прокуроры:
- Осы ауылдардың жетістіктерін көрсетіп, өмір сапасын көрсетіп, әрі қарай насихаттаймыз. Мысалы, әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізіп, ақсақалдармен кездесу ұйымдастырамыз.
Жергілікті шаруа қожалықтары игі жобадан тыс қалып жатқан жоқ. Олар соңғы жылдары қауіпсіздікті қадағалау үшін 18 ауылға 1250 бейнебақылау камерасын орнатқан.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #Ақмола облысы #ауылдар #ішімдік #зиялы қауым #жобаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz