RU
Толық нұсқаға өту

Қарағандыда сегіз шағын саябақ бой көтереді

02.07.2025, 08:31 340

Саябақтың бірқатары «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында, тұрғындарың сұрауы бойынша салынып жатыр. 

Соның арқасында кеншілер қаласы жасыл желекке бөленіп, серуен құратын орын көбейеді. Саябақтардың кейбірінде жүгіру және велосипед тебу жолақтары пайда болады.

Кеншілер даңғылындағы мына алаң көп жыл бойы бос тұрды. Маңайда жаңа үйлер салынып жатқандықтан аумаққа қоқысқа толатын. Тұрғындар 8 жыл бойы шағын саябақ салып беруді сұраған. Биыл ақша бөлініп, құрылыс басталып кетті.

Айша Сүлейменова, қала тұрғыны:

- Мына жердегі бүкіл қоқысты шығарып, тұрғындарға саябақ пен автокөлік қоятын стоянка салып берейін деп жатыр. Өте қуаныштымыз! Өйткені күні-түні мына жерден үлкен техника өтеді, тұрғындар терезе аша алмайды шаң. Мына жердегі 3-емхана мен үйдің ортасы, кісілер өткенде лайға батып кететін. 

Ал Сарыарқа даңғылындағы жаңа саябақтың құрылысы жақында аяқталады. Оның ұзындығы 3 шақырым болады. Мұнда демалу орындары, спорттық алаңқайлар, тіпті кітапхана  болады. Ал салауатты өмір салтын ұстанатындар үшін жүгіру және велосипед тебу жолағы пайда болады.

БЛИЦ 

- Әрине енді осындай үлкен қалада, осындай арнайы халық үшін салынған саябақтың болғаны өте жақсы. Салауатты өмір салтын ұстанатын жастар да өсіп келе жатыр. Сондықтан оларға шығып жүгіруге, бір уақыт спортпен айналысуға бір өте таптырмайтын мекен деп ойлаймын. 

- Ыңғайлап, жақсылап әдемі жер қылса, аллея, парк дегендей жақсы ғой. Кешке қарай шығып, бала-шағамызбен қыдырып, демалып отырып үйге кіретіндей. 

Жалпы қала бойынша 8 шағын саябақтың құрылысы басталды. Барлығы да биыл салынып бітуі тиіс. Оған  бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінген.

Дидар Қабаев, Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары:

- Жаңа шағын саябақтардың жартысы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Олар негізінен тұрғын үйлер маңындағы бос жатқан жерлер. Ал енді төртеуі көлемі жағынан үлкен болады. Олар қаланың негізгі даңғылдарында пайда болады.  

Биыл кеншілер қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен 100-ден астам жоба жүзеге асады. Тұрғындар аулаларды абаттандыру, жол жөндеу, жарық тарту сынды мәселелерді жергілкті билікке ұсынып, орындалуын өздері қадағалайды. 

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz