Алдағы уақытта Сенат жанынан құрылған «Талдау мектебінің» форумы өтуі мүмкін, деп хабарлайды 24kz.
Бүгін Жоғарғы палата төрағасы Мәулен Әшімбаев сарапшылар клубының жиынында осындай ұсыныс тастады. Жиында «Талдау мектебі» жобасының төртінші легіне қатысқан түлектер өз зерттеулерін көпшілік назарына ұсынды. Бұл жолғы лектен 14 команда жасақталған. Олар білім беру ісіндегі инклюзия, гендерлік теңгерім, жасыл энергетиканы дамыту, өңдеуші өнеркәсіпті өркендету, заң шығару қызметінде жасанды интеллектіні қолдану сияқты жеті бағыт бойынша ұсыныстарын әзірледі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін ұсыныстар арнайы жинаққа енгізілген. Қолданбалы зерттеу жұмысының бірі Орталық Азиядағы еңбек нарығын жасанды интеллект көмегімен басқару тақырыбына арналды. Сарапшылар арнайы цифрлық платформа құруды ұсынып отыр. Мұндағы мақсат – жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалын зерттейтін ғалым-сарапшылардың басын қосып, цифрлық консалтингті күшейту.
Әйгерім Бахтиярова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі төраға кеңесшісі:
- Тек Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан емес, жалпы осы Орталық Азияға кіретін 5 елдің әлеуметтік-интеллектуалдық потенциалын біріктіру арқылы, осы платформада жұмыс жасап, ЖИ арқылы мәселерді шешу және оларды ілгерілету. Және ең маңыздысы – бұл жерде біз цифрлық инклюзия мәселесіне тоқталдық. Біз ең бірінші болып қабылданған жасанды интеллект заңына цифрлық инклюзия мәселесін кірістіруді сұрадық.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Біз бүгінгі және бұған дейін жарық көрген барлық материалдар жинағын Парламент депутаттарына, салалық мемлекеттік органдарға, талдау орталықтарына, университеттерге жолдаймыз. Сондай-ақ жинақ ашық дереккөздерде қолжетімді болмақ. Бүгін таныстырылған зерттеу мемлекеттік институттардың жұмысына, заңнамалық қызметке және сарапшылар қоғамдастығының жобаларына өз пайдасын тигізеді деп сенемін. Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен «Талдау мектебі» – еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, нығайтуға қосқан үлесіміз саналады.
Тегтер #Сенат #Талдау мектебі #түлектер #зерттеу #Мәулен ӘшімбаевPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz