Субұрқақ - қала көркі.
Алматыда 20 субұрқаққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, су ішінде тұрған сорғылар әбден тозған. Бұл тоқ соғу қаупін арттырады. Кейбірінің істен шыққанына 4-5 жыл болған. Енді олардың орнына жаңа технологиямен жасалған қондырғылар қойылады. Бұл қауіпсіз әрі суды үнемдейді. Санитарлық талаптарға да сай келеді.
Қалада барлығы 65 субұрқақ бар. Соның 45-і жұмыс істеп тұр. Қалғаны жөндеуден өтіп жатыр. Әкімдік ғимараты, Республика алаңы мен Мүсірепов театры маңындағы субұрқақтар қазан айына дейін жаңарып бітуі тиіс. Бұл жұмыстарға бюджеттен 5 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген.
Махамбет Көкімов, қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының маманы:
- 1 мамырдан бастап барлық субұрқақ іске қосылды. Олар күн сайын таңғы 8:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал ауа температурасы +5 градустан төмендеген жағдайда субұрқақтар тоқтатылады. Қазір субұрқақтардың су жиналатын бөлігі мен айналасы тазартылып, қысым жүйелері тексерілді. Ал күрделі жөндеу жүріп жатқан нысан жабдықтары толық жаңартылады.
Алматыда алғаш ашылған ірі субұрқақтың бірі осы. Абай атындағы опера және балет театры ғимаратының алдында орналасқан. 1948 жылы салынған. Биыл сүзгісі ауыстырылды. Жалпы мегополистегі субұрқақтардың тек сыртқы көрінісі емес, ішкі жүйесі де жаңарып жатыр. Ең бастысы — су үнемделеді. Бұрын ай сайын төгіліп, тазаланатын. Енді 2-3 айда бойы суы сол күйінде таза тұра береді. Су бүлінбейді. Балдыр баспайды. Иіс шықпайды.
Күмісбек Амангелдиев, мердігер мекеменің бөлім басшысы:
- Алматы қаласы оңтүстік өңір ыстық жақ болғаннан кейін, ол сүзгіден басқа суды ештеңемен үнемдей алмаймыз. Себебі булану деген процесс бар. Қазіргі жөндеу жұмыстары жақсы жүріп жатыр, қарқынды жүріп жатыр. Енді болашақта бұл субұрқақ жоқ дегенде 10-15 жыл 20 жылға дейін ешқандай қиындықсыз қызмет атқаруы тиіс.
Алдағы уақытта тағы 19 субұрқақ жаңғыртудан өтеді. Субұрқақ жай ғана су атқылайтын құрылғы емес, қалаға сән беретін нысан. Аптап ыстықта жанға сая болатын жер. Сондықтан алматылықтар оның құрылыс жұмыстарының тезірек бітуін күтіп жүр.
Алуа Ералықызы, Айдос Қалиев
Тегтер #Алматы #субұрқақ #жөндеу жұмыстары #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz