RU
Толық нұсқаға өту

Қапшағайда ашық суда жүзуден OCEANMAN-2025 жарысы өтіп жатыр

05.07.2025, 21:16 517

Қапшағай су қоймасында ашық суда жүзуден Орталық Азиядағы ең ауқымды халықаралық жарыс – OCEANMAN-2025 басталды, деп хабарлайды 24kz.

Бірегей спорттық дода елімізде қатарынан төртінші жыл өткізіліп отыр. Биылғы жарысқа 18 елден келген 2000-нан астам спортшы қатысып жатыр. Сайыс екі күнге жалғасады.

Гүлім Советқан, тілші:

- Қонаев қаласының жағалауында әлемнің 18 елінен келген жүзушілер бас қосты. Олар ашық суда жүзудің бес түрлі қашықтығы бойынша бақ сынады. Жарыстың алғашқы күнінде 10 және 5 шақырымдық сайыстар өтті. Ал екінші күні балаларға арналған жүзу мен командалық эстафета жарыстары өтеді.

Джохонгир Насриддинов, қатысушы:

- Өткен аптада біз Франкфуртте болдық, ал осы аптада Қазақстанға, Қапшағайға келдік. Бұл – біз үшін ұзақ әрі маңызды жарыс. Алда 10 шақырымдық қашықтық.

Джилес Тильбади, қатысушы:

- Oceanman – әлемді біріктіретін жарыс. Біз Дубайдан, Колумбиядан, Италиядан, Англиядан, Кипр мен Болгариядан келдік. Қазақстанға бірінші рет табан тіредік. Мұндағы ұйымдастыру жұмысы жоғары деңгейде жүргізілген.

Биылғы жарыстың басты ерекшелігі – INSPIRATION санатындағы ерекше қажеттілігі бар балалардың қатысуы. Бұл бастама спортта тең мүмкіндіктер мен инклюзивті қоғам қалыптастыру мақсатында енгізілді. Қатысушылардың қауіпсіздігін құтқару қызметі, жедел жәрдем және полиция қызметкерлері қамтамасыз етуде.

Рахман Шахарбек, Алматы облысы спорт басқармасы басшысының м.а.:

- Иә, биыл 50-ге жуық ерекше балалар осы жарысқа қатысады. Бұл осы біздің қоғамда, жалпы спорттық әлемде инклюзивті ортаны қалыптастыру мақсатында үлкен бір қадам. Осы ерекше қажеттілікті талап ететін жандарға да бір үлкен мүмкіндік.

«Oceanman Kazakhstan» жарысы -  халықаралық бәсекеге жол ашатын маңызды алаң. Жеңімпаздар желтоқсан айында Дубайда өтетін әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.

Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай, Аманжол Жонкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz