«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының жылжымалы құрам паркі 30 жаңа вагонмен толықты. Жол техникасы Петропавл қаласындағы зауытта жасалған.
Кеше осы вагондармен жабдықталған нөмірі 7/8 пойызы Алматыдан Саратовқа жолға шықты. Ұлттық тасымалдаушы алдағы бес жылда вагон паркін толығымен жаңартуды көздеп отыр.
Алматы-Саратов бағытында 3 құрам бар. Әр пойызда 10 вагоннан. Бесеуі купе, бесеуі плацкарт. Бір бағытта 400-ден астам жолаушы тасымалданады. «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы соңғы екі жылда отандық «ЗИКСТО» серіктестігінен 318 вагон сатып алды. Соның 241-і пайдалануға берілді. Техника халықаралық стандартқа сай жобаланған. Жататын орын, жеке жарық шам, бас тірегіш, гаджетті қуаттауға арналған розетка бар.
Әнуар Ахметжанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз екі жылдың ішінде 300-ден астам вагон жаңадан алдық, 2030-ға дейін тоғымен жаңартамыз. Швейцарлық технологиямен жасалған вагондар пайда болады. Оған қосымша 300-ден астам Петропавлда жасалған вагондарды аламыз деп жоспарлап отырмыз. Мүмкіншілігі шектеулі жандарға да арнайы вагон бар.
Бұған дейін «Ақтөбе – Атырау», «Павлодар – Түркістан», «Қызылорда – Семей», «Алматы – Павлодар» бағытындағы вагондар жаңартылған. Енді осы қатарға «Алматы-Саратов» қосылды.
Руслан Жалғасбай, «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Оңтүстік» филиалының директоры:
- Бұл вагондарымыз заманауи, ішінде барлық жағдай жасалған. Жалпы вагондарда жеке душ кабинасы бар. Енді жолаушыларға жақсы қызмет көрсетеміз деп санаймыз. Жолаушылар паркін жаңарту – біздің бірінші мақсат.
Алдағы екі жылда 350 вагон кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Оның 100-і биыл жеткізіледі.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев
Тегтер #жарнама #жаңа вагондар #жолаушылар тасымалы #ҚТЖ #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz