RU
Толық нұсқаға өту

Елде ірі қара мал саны 9,6 млн басқа дейін өсті

08.07.2025, 19:31 457

Елде ауыл шаруашылығының барлық ақпараттық жүйесін біріктіретін цифрлық платформа әзірленіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Әрбір жануардың жеке нөмірі арқылы барлық дерек пен ветеринариялық рәсімдер тіркеледі. Тағы бір жаңалық – ірі қара мал саны 9 млн 600 мың басқа дейін өсті. Жылқы саны 5 млн-ға жетсе, түйе 321 мыңнан асты.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Премьер-министр Олжас Бектенов отандық мал шаруашылығы саласының ішкі әлеуеті зор екенін атап өтті. Мал басын көбейту жұмыстарын жалғастыра беру қажеттігіне назар аударды. Үкімет басшысы өңірлерде сапалы ветеринариялық инфрақұрылым қажет екенін, сонымен бірге аурулардың алдын алу мақсатында уақытылы екпе егу үшін жағдайлар жасалуы тиіс екенін атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруды тапсырды. Осы орайда жыл сайын саланы субсидиялау мен несиелеу жүргізілуде. Биыл бюджеттен шамамен 160 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл бізге мал басының және мал шаруашылығы өнімдерінің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Саланың тұрақты жұмысы еліміздегі ветеринариялық қауіпсіздік қамтамасыз етумен де тікелей байланысты. Ол халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін өте маңызды мәселе.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік қорға қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігі де айтылды. Мәселен, 2022 жылдан бастап 11 млн гектар жайылымдық алқап кері қайтарылып, оның едәуір бөлігі халыққа қайта бөлініп берілді. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде соңғы 3 жылда жануарлардың аурушаңдығы 49,1%-ке, ал биыл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 56,3%-ке төмендеді.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Қол жеткізілген эпизоотиялық қолайлылықтың арқасында мәртебелері қалпына келтіріліп, танылды. Қытай Халық Республикасы құс тұмауы мен аусылға қатысты уақытша шектеулерді алып тастады. Ресей Федерациясы да оңтүстік-шығыс аймақтардағы аусылға байланысты шектеулерді жойды. Бүгінде Еуропа елдерінің тізілімінде 62 қазақстандық кәсіпорын тіркелген. Ағымдағы жылы Қазақстан ЕО елдеріне бал экспорттауға ресми рұқсат алды.

2022 жылдан бастап мал есебін жүргізу цифрлық форматқа көшірілуде. Ауыл шаруашылығының барлық ақпараттық жүйесін біріктіретін «Е-АӨК» платформасы да әзірленіп жатыр. Әрбір жануарға жеке нөмір беріледі. Барлық дерек пен ветеринариялық рәсімдер тіркеледі. Фермерлер мен ветеринарлар электрондық сервистерді пайдалану арқылы уақытты үнемдеп, қателікке жол беру тәуекелін азайтады.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Реинжиниринг нәтижесінде сәйкестендіру процесі цифрлық, мобильді және толық автоматтандырылған болды. Ветеринария мамандары мен ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған мобильдік қосымша енгізілді. Деректерді оқу технологиясы енгізілді. Ал ветеринариялық паспорт электрондық форматқа ауыстырылды. Бұл өз кезегінде процестегі қадамдар санын 80%-ке қысқартуға, сондай-ақ бюрокартиялық және әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді.

Үкімет отырысының соңында Премьер-министр елдегі төрт түлік малды толық вакциналаумен қамтамасыз етуді тапсырды. Олжас Бектенов: «Барлық өңірде сапалы және қолжетімді ветеринариялық құралдар жеткілікті көлемде болуы тиіс», - деді. Ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне жыл соңына дейін жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерінің қозғалысына байланысты барлық процесті 100% цифрландыру тапсырылды. Сондай-ақ үздіксіз қадағалап отыру жүйесін енгізіп, деректер базаларын бірыңғайландыру міндеті қойылды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев, Саят Башимов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz