Жамбыл облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен орталықтандырылған ауызсу желісі жүргізілді, деп хабарлайды 24KZ. 260 тұрғыны бар Жаңаөткел ауылы осы күнге дейін сапалы ауызсудан тарығып отырған. Енді мәселе шешімін тапты. Жалпы жемқорлардан қайтарылған қаржыға өңірде 19 әлеуметтік жоба салынып жатыр.
Бұған дейін Жаңаөткел тұрғындары әр ауладан ұңғыма қазып, піспе құдықты пайдаланған. Жаздыгүні судан тарлық болмағанымен, қыста су қатып қалатын.
Әйгерім Төртбаева, Жаңаөткел ауылының тұрғыны:
- Қазір ауылымызға су кіріп, жақсы болып қалды. Бұған дейін суды сырттан таситынбыз. Ол қыстыгүні қататын. Кішкене әбігерге түсетінбіз. Ал қазір, міне, бүкіл ауылымызға су кіріп, суды үйге орнатып, тәтті, жақсы суды ішіп отырмыз.
Ауылдағы ауызсу желісін жүргізуге 379 миллион теңге жұмсалды. Енді елді мекен тәулік бойы тіршілік нәрімен қамтылды.
Данабек Тауасаров, мердігер компания өкілі:
- Бұл жерде екі ұңғыма қазылған, оны жерасты скважина дейміз. Тереңдігі 110 метрден су алынады. Әрқайсысына 150 кубтан екі резервуар орнатылған. Қосалқы мұнарамыз орнатылған. Жарық өшіп қалса, осы мұнарадан су беріп тұрады. Ауыл сусыз қалмайды.
Арманжан Әбдібеков, Жамбыл ауданы прокуратурасының аға прокуроры:
- Қайтарылған активтердің есебінен қаржыландырылған алдағы екі жыл уақытта берілетін 17 нысанның құрылыс жұмыстары прокуратура органдарының қатаң бақылауында. Яғни көзделген мерзімде толығымен беріледі. Халыққа дәрігерлік амбулатория және ауызсумен жабдықтау жүйелері.
Қайтарылған активтердің басым көпшілігі облыстағы ауызсусыз отырған ауылдарға жұмсалмақ. Бұл тізімде 23 елдімекен бар.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә
Тегтер #қайтарылған активтер #ауызсу мәселесі #ауылдар #Жамбыл облысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz