RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте сегіз жыл бұрын салынған мектептің сапасы сыр берді

09.07.2025, 19:21 853

Шымкентте қолданысқа берілгеніне 8 жыл болған мектептің жаттығу залы апатты деп танылды.

Қабырғасы қақыраған спорт залында сабақ өткізуге тыйым салынды. Күрделі жөндеу мәселесі созбалаңға салынып кетті, дейді мектеп басшылығы. Жаңа оқу жылы басталғанша, зал қолданысқа беріле ме?  

Тиіптік үлгідегі мектептің тоғыз жылға жетпей тозығы жете бастады. Бала өміріне алаңдаған  басшылық бүлінген спорт залын жауып, сабақ өткізуге түбегейлі тыйым салған. Ғимаратқа бірнеше рет су кіріп, іргетеасы төрт елі төмендеп кеткенін айтады. Қабырғада  жарықшақ пайда болған.  

Өмірзақ Керімбеков, №125  орта мектеп директорының орынбасары:

- Дуалдарды көрдіңіздер. Жарылып, бір-бірінен ажырағандары күшейе бастады. Мысалы үшін 2024 жылы кішкене шелдің көлемі бір елі болса, қазір 2025 жылы екі еліден асты. Сол себепті сол оқу жылдарында бізде бұл спорт залында сабақтар өтілмеді.

Мектеп ұжымы құрылыстағы кемшілікті қолданысқа берілген жылы байқаған. Олардың сөзінше алғашында оқу кабинеттерінің едені шөгіп, іргесі сөгілген. Осыған байланысты тексеру тағайындалды. Тәуелсіз сарапшылардың зерттеу қорытындысына сәйкес,  мектеп тұрған аумақта жерасты суы көтеріліп кеткен.

Ерлан Пірімқұлов, қалалық білім басқармасының бас маманы:

- Техникалық сараптамалық құжат бойынша оны қайта құрсаулау, қайта апаттың алдын алу жұмыстары жүргізілуі керек болатын. Ол жердің суы мектептің төбесінен немесе қардың еріген сулары емес жер асты суы екені анықталып отыр.

Құрылыс басқармасының өкілдері болса қайта техникалық сараптама жасалатынын мәлімдеді. Соның негізінде шешім қабылданады. Ал мердігердің  жұмысына тиісті бағалау жүргізілген.

Айдын Нәшенов, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Бір адам қабылдаған жоқ қой. Техникалық қадағалаушы, авторлық қадағалаушы, мердігер бар, тапсырыс беруші бар. Бәрі тексеріп, қабылдаған. Ол құрылыс жүргізілген кезде су деңгейі төмен болса, қазіргі таңда көтерілуі мүмкін. Болмаса бір жерінен су кетті ме екен. Оны қазір анықтаудамыз.

Қайнарбұлақ тұрғын алабында орналасқан мектепте 2 мың 300 бала екі ауысыммен оқиды. Құрылысқа қазынадан 1 миллиард 100 миллион теңге жұмсалды. Нысанға күрделі жөндеу қажет деген шешім шықса,  оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар мердігерлердің өз есебінен жүргізіледі.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Беймұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz