RU
Толық нұсқаға өту

Елде асфальт төсеу сапасына қатысты талап өзгертілді

10.07.2025, 14:35 528

Жаңартылған стандарт жабындының ұзақ уақыт сақталуына мүмкіндік береді. Жөндеуге кететін шығынды да азайтады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл бастама Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтына тиесілі. Сала мамандары түрлі сынақ пен зерттеулер жүргізіп, халықаралық талаптарды да ескеріп отыр.

Жолдың төзімділігін арттыру үшін зертхана қызметкерлері құрам мөлшері өзгертілген қоспа қолдануды ұсынады. Жаңа стандарт асфальтты 150 шақырымнан астам қашықтыққа тасымалдаған кезде міндетті түрде пайдаланылуы керек. Бұдан былай шалғай жерде орналасқан елді мекен жолдарының қабаты тығыздана түсіп, жабынды құрамы ұзақ уақытқа дейін ыдырамайды. Тиісінше, жоғары ауа температурасына да шыдас береді.

Қуаныш Төлеуханов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК департаментінің директоры:

- Өткен жылды айтатын болсақ, жалпы республика бойынша 47 мың материал сыналған. Ал биылғы жылдың 6 айын қарастыратын болсақ, қазіргі уақытта 12 мыңға жуық сыналып өтті. Жалпы осы материалдардың сәйкес келмеуі 20-26%-ті құрап отыр.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары зертханалық жұмыстардың жүктемесін біршама жеңілдетті. Мәселен, сынақ нәтижесі дәл болуы үшін сынама көлемі ұлғайтылып, кейбір тесттердің мерзімі қысқартылды. «Осылайша, ағаттық ықтималдылығы азая түсті», - дейді мамандар.

Қазақстан аумағы кең болған соң өңірлердегі климатаралық айырмашылық көп. Сәйкесінше жол жөндеу маусымының мерзімдері де сан түрлі. Жоғарыда айтылған жаңашылдық бірінші кезекте осы жағдайды ескеруге бағытталған. Көлік министрлігінің өкілдері осылай дейді.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Ендігіден бастап температуралық ауытқулар, өзгерістер есептелінеді. Және әрбір өңірдің өзінің битумына қарай қоспалары болады. Әрбір өңірдің температурасына, климаттық өзгерістеріне байланысты. Сол асфальттың стандарты да өзгертіледі. Көбі жаңадан асфальт ойлап тауыпты деп ойлап қалуы мүмкін. Жоқ, олай емес. Қоспалары қалады, бірақ стандарттары сәл өзгешелеу болады. Ал бұл жұмысқа қол жеткізу үшін мамандар 1-2 жыл апробация өткізді.

Жолдың тез тозуының бірден бір себебі – асфальт ішіне өтіп, қыста мұзға айналатын жұғымсыз ылғал. «Асфальт қабатын тығыздайтын жаңа стандарт осыған дейін болған біраз түйткілдің түйінін шешеді», - дейді сарапшылар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев, Ақылбек Есімсейітов, Жанаман Ерғалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz