Бала құтқарған азаматқа құрмет көрсетілді, деп хабарлайды 24KZ. Алматы облысының Қарасай ауданы әкімдігі 10 жастағы Максим Головочевті иттен арашалап алған Серікбек Сақайбековті марапаттады.
Еске сала кетейік, оқиға осыдан 10 күн бұрын Жалпақсай ауылында болған. Ауладан шығып кеткен үш ит стадионда ойнап жүрген балаға шабуылдаған. Оны көре салысымен Серікбек Сақайбеков бір сәт те ойланбастан көмекке ұмтылады. Азулы иттерден баланы ажырату мүмкін еместігін түсініп, қолындағы бәкісімен екі итті өлтіріп, жеткіншекті құтқарып алады.
Бүгін батыл азаматқа алғысхат пен естелік сыйлық табысталды. Оған қоса жергілікті кәсіпкерлер қаржылай сыйлық жасады. Аудандық ардагерлер кеңесі мен еріктілер тобы да ризашылығын білдірді. Дәрігерлердің айтуынша, қазір ит қапқан бала ауруханада әлі ем қабылдап жатыр.
Серікбек Сақайбеков, Жалпақсай ауылының тұрғыны:
- Мен ол кезде мына марапат дегенді ойламаппын. Баланы аман алып қалуды ойлағанмын ол кезде, шын айтсам. Баламыз аман-есен қалсын, бәрі жақсы болсын. Ондайды көргенде кез келген азамат құтқаруға барады деп ойлаймын. Ештеңе ойымда болған жоқ. Тек ол баланы екі иттің аузынан аман алып қалу керек болды. Ол иттер оңайшылықпен берілмес еді.
Тегтер #иттер #марапаттау #баланы құтқару #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz