RU
Толық нұсқаға өту

Семейде теміржол өткелімен жүру қиындық тудырып отыр

13.07.2025, 19:10 429

Семейліктер теміржол өткелінің жұмысына наразы. Олардың айтуынша, пойыздар 40 минут, тіпті одан да көп уақыт бойы өтпей тұрады. Осы аралықта ұзын көлік кептелісі туындап, жедел жәрдем қызметі науқастарға жете алмай қалады. Десе де жауаптылар бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табатынын айтады.

«Треуголник» ауданы осыдан 40 жыл бұрын құрылған. Елді мекен үш теміржол жолының қиылысында орналасқандықтан, жергілікті тұрғындар осылай атап кеткен. Стаханов көшесіндегі өткел – ауданнан қалаға шығатын жалғыз жол. Сол маңайда пойыздар кідіріп қала бергендіктен, қалаға кіру біраз қиындық тудырады.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық комапниясы өкілдерінің айтуынша, мәселе «Жаңасемей» станциясын жаңғырту арқылы шешіледі. Келер жылы станция кеңейіп, өткелдегі жүктеме азаймақ.

Азат Беркімбаев, Семей магистральдық желі бөлімшесі бастығының орынбасары:

- Оңтүстік жақта қосымша арнайы парк салынады. Сол жерде ұзын құрамды пойыздар қабылданады. Қазір «Дегелең – Семей» бағытында екі айналма жолдың құрылысы басталды.

Жаяу жүргіншілер де ұмыт қалмайды. Олардың қауіпсіздігі үшін жергілікті билік аспалы көпір салмақшы.

Серік Төленбергенов, облыс әкімінің орынбасары:

- Тиісті есептеулер жүргізілгеннен кейін соңында шешім қабылдаймыз. Бұл өткелді жер үстінен салу керек. Егер биыл үлгермесек, келер жылы жүзеге асырамыз. Дәл сол кезде «Қазақстан темір жолы» станцияның жолдарын жөндеу мен кеңейту жұмыстарын аяқтайды.

Биыл Семейде 18 теміржол өткелі жөнделеді. Енді арнайы резеңкеден жасалған корд төсемдері қолданылмақ. Бұл материал ұзаққа шыдайды.

Авторлары: Ботагөз Дандыбаева, Медет Өмірханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz