Атырауда апатты жағдайдағы үйлерді сүру жұмыстары басталды.
Биыл 117 баспана бұзылады. Қазір сүрілген 30 үйдің орны тазаланып жатыр. Жұмыс қаланың ескі бөлігі мен СМП ықшам ауданында қарқын алды.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Қаланың қақ ортасындағы Гагарин көшесінің бойында орналасқан мына үйлердің көбі өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған. Қазір апатты деп танылғандықтан, сүру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көптеген тұрғын жаңа баспанаға көшсе, кейбірі өтемақының түсуін күтуде. Дегенмен, тұрғындар берілетін қаражаттың аздығын алға тартып отыр.
Зарлық Қармысов осы үйге 40 жыл бұрын көшіп келген. Өз күшімен салған баспанасын қимайды. Дегенмен үйінің сүрілетіні туралы хабарлама алғаннан кейін көшудің қамына кіріскен. Бірақ берілетін өтемақы көңілінен шықпайды.
Зарлық Қармысов, қала тұрғыны:
- Енді амалсыздан көшейін деп отырмыз. 33 млн беріп тұр, оған енді қаланың ішінен үй ала алмаймыз. Қолымда бала-келінім бар. Әскерден келген бір балам бар. Осы жерде енді келіспейміз деп отырған адамдар да көп. Амалсыз келісіп жатыр көбі. Қалада бәлен жыл тұрғаннан кейін қаладан шыққымыз келмейді. Қаладан үй ала алмаймыз.
Ұлғат Жәкиев, қала тұрғыны:
- 1982-ден бері тұрып келе жатырмын осы үйде. Бұрын ескі үй болды. Үйді жаңартайын деп үй салдық. Снос деп айтып жатқасын енді соған әзірленіп, ақшамызды күтіп отырмыз. Енді қалай ақшамызды береді, балалар біледі, қай жақтан шаңырағымызды құратынымызды.
Қазір облыс орталығында 30-ға жуық үй сүрілген. Жергілікті әкімдік тозығы жеткен, инженерлік инфрақұрылымы ескірген баспаналарды жойып, қаланың келбетін жаңартпақ. Әр үй заңға сәйкес бағаланған. Тұрғындар соған орай белгіленген өтемақысын алады.
Ғасырбек Төлеген, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
- Атырау қаласы аумағында, осы ескі қала аумағында және бірқатар нүктелерде осы ескі үйлерді, апатты үйлерді сүру жұмыстары басталған болатын. Қазір жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. 40-қа жуық техника жұмылдырылған. Бұл 117 апатты үйлердің ішінде 8 үй көпқабатты үйлер боп есептелінеді. Олардың барлығы да қаланың әр нүктесінде сүру жұмыстары басталды.
Сүрілетін үйлердің жер телімі әкімдікке өткен. Әзірге бұл аумақта не салынатыны белгісіз. Дегенмен, қаланың көркіне ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне де мән беріліп отыр, дейді жауаптылар.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау #апатты үйлер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz