Астананың халқы 2035 жылға дейін 2,5 млн адамға дейін артады. Қаланың жаңа Бас жоспарында осындай болжам жасалған. Қазір шаһарда 1,5 миллион тұрғын бар. Олардың саны жыл сайын шамамен 7% өсіп келеді. Қала әкімінің айтуынша, жоспар «адамдарға арналған қала» қағидатына негізделіп отыр. Яғни басты назар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Осыған байланысты құрылыста әлеуметтік салаға басымдық беріледі.
Қоғамдық көліктің үлесін 71%-ке дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте автобус паркі жаңартылып, жаңа жолайрықтар салынады. Сонымен қатар қыркүйек айында LRT жобасы сынақ режимінде іске қосылады. Көгалдандыруға да назар аударылады. Соңғы үш жыл ішінде Астанада 2,5 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
- Екі-үш жылдың ішінде 206 апатты үйдің тұрғындарын жаңа баспанаға көшіруді жоспарлап отырмыз. Ғимараттардың тығыз орналасуына қатысты мәселелер бар. Осыған байланысты әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық береміз. Атап айтқанда, тұрғын үймен қатар мектеп, балабақша, сквер мен саябақтар да салынуын назарға аламыз.
Тегтер #елорда #халық саны #бас жоспар #Жеңіс Қасымбек #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz