Оңтүстік өңірдің жастарына «Серпін» бағдарламасымен 3 мыңға жуық білім гранты бөлінді.
Қазір Шымкентте 19 оқу орнының қабылдау комиссиясы жұмысын бастады. Мақсат- маман тапшылығы жоғары өңірлерге талапкер тарту .
Нұрболсын Мәметулла болашағын құрылыс және инженерлік саламен байланыстырады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 79 балл жинаған ол «Серпін» бағдарламасымен грант алуға үмітті. Талапкер Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орны туралы ақпаратпен танысты.
Нұрболсын Мәметулла, талапкер:
- Жергілікті жерге қарағанда бізге «Серпін» бағдарламасымен солтүстікке грантқа түсуге мүмкіндік көп. Бұйырса қолымызға дипломды алғаннан соң өздері жұмыс ұсынып, жоғары жалақы беріп жатса, сол жақта қалуға дайынмын.
Университет өкілдері «Серпін» бағдарламасының өзге де артықшылығын түсіндіру үшін үгіт-насихат жүргізді. Айтуларынша, оқуға қабылданған студенттер тегін білім алып, ай сайын стипендиямен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар тұлғалық және шығармашылық қабілетін дамыту үшін үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алады.
Бақдәулет Анас, университет өкілі:
- 2014 жылға дейін Өскемен қаласында оңтүстік өңірдің жастары өте аз оқитын болса, қазіргі таңда серпіннен бөлек жалпы грантпен де түсіп жатқандар серпіннің санынан көп деп айтуға болады. Шығармашылық жұмыспен де ғылыми жұмыспен де айналысамын десе бізде оларға арналған клубтар, үйірмелер бар.
Оңтүстік өңірдің жастары Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстаннан 19 университетке оқуға шақырылды. Талапкерлер 20 -шілдеге дейін электронды үкімет порталы арқылы немесе қабылдау комиссиясына келіп құжат тапсыра алады.
Талғат Зәуірбек, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:
- Серпін бағдарламасы бойынша жалпы биылғы оқу жылына 3 мыңға жуық грант бөлінген. Олардың негізгі басым бағыттары техникалық, ауылшаруашылығы, инженерлік, педагогикалық бағыттарға көбірек грант бөлінген.
Биылғы оқу жылына 77 мың білім гранты бөлінді. Оның 19 мыңы инженерлік сала мен өңдеу, құрылыс мамандарына қарастырылған. Сонымен қатар педагогика мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларға кадр даярлауға басымдық берілді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов – 24KZ
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #серпін бағдарламасы #грант #құжат #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz