RU
Толық нұсқаға өту

Түрмеден кейінгі тіршілік: кешірімге кім лайық?

18.07.2025, 13:25 494

Қазақстанда әрбір үшінші қылмысты бұрын сотталған азаматтар жасайды.

Жарты жылдың ішінде 10 мыңға жуық рецидивист қайта заң бұзып, құқықбұзушылыққа барған. Ресми көрсеткіш көңіл көншітпейді. Тентектерді тәубеге келтіру қиынға соғып тұр. Осы орайда рақымшылыққа іліккен азаматтардың алғашқы легі де түрмеден босатыла бастады. Бостандыққа шығатыны бар, жазасы жеңілдейтіні бар, ұзын-ырғасы 15 мың адамға рақымшылық жасалады. Статистиканы негізге алсақ, бұл қадам мейірім бе әлде сынақ па деген сауал туындайды. 

Қылмыс пен жаза. Гуманизмның жетегінде жүрген заман үшін бұл екі ұғым бір-бірімен үйлеспейді. Себебі түрме – жазалайтын емес, түзейтін орын. Яки біз темір торда тезге салмаймыз, тек тәрбиелейміз. Анығы – тәрбиелеуге тырысамыз. Бірақ ол қолымыздан келіп жатыр ма? Статистика сөйлесін: тәубесіне келген тентек аз. Айналамызда болып жатқан әр үшінші қылмысты бұрын істі болғандар жасайды. Жарты жылдың ішінде елде 30 мыңға жуық адам қылмыс жасаған. Соның - 9 779-і рецидивист.

Қылмыс жасағандар – 29 745

Бұрын сотталғандар – 9 7779

Түрмеде түзеле алмағандар көбіне ұрлық пен алаяқтық жасайды. Антитізімнің үштігін нашақорлыққа қатысты қылмыстар түйіндеп тұр. Ең сорақысы, бұл тентектік емес, темір торға оралу үшін жасалған мақсатты қадам болуы мүмкін. Қылмыскерлермен етене жұмыс істейтін мамандар осылай дейді. Психологтың айтуынша, олар түрмеде бақыттырақ.

Аманжан Әбдікәрімов, «Абырой» оңалту орталығының атқарушы директоры, психолог-аддиктолог:

- Ол адам болғысы келеді, қыздармен жүргісі келеді. Көлік жүргізгісі келеді. Сондықтан ақша тапқысы келеді. Дұрыс жолды таба алмайды. Сосын қылмысқа қайта барады. Өйткені бұрынғы өмірді кішкене біледі. Ол жерде өзінің орны бар деген сияқты. Сондай нәрсеге қайта барады. Ал бұл өмірде орын таппай қалады. Достары өсіп кеткен, туысқандары дұрыс қарым-қатынас жасамайды, қыздар қарамайды. Жақсы жұмысқа кіре алмайды. Ыза болғаннан кейін қайтадан түрмеге барады.

Бұл құбылыс –қылмыстық атқару жүйесіндегі кемшіліктің кесірі. Мамандар жағдайды осылай пайымдайды. Психологтың айтуынша, елде оңалту бағдарламасы аз, тіпті жоқ деуге болады. Ал заңгер Нұрсұлтан Орынбек саланы толықтай реформалау керек дейді. Себебі түрмедегі өмірді көрген адамға түздегі тіршілік жат болып көрінеді.

Нұрсұлтан Орынбек, заңгер:

- Кеңестік жүйеден қалып қойған сарқыншақтардың бірі - түрме, зона дейміз. Оның бәрінің романтикасы бар, жазылмаған ережелері бар. Біз түзетіп жатырмыз, дегенмен олардың бәрін психологиялық тұрғыдан түзету мүмкін емес. Бразилияда мысалы, бітірген әр кітапқа берілген мерзімінің 1 күнін қысқарту деген сияқты түрлі тәжірибе қолданып көрген. Өкінішке қарай бізде бірқалыпты, келеді, қамайды, оқшаулайды. Сол бұрыңғы бір қалыпты жүйеден келе жатыр, түзетуге аз амал жасалып жатыр деп ойлаймын.

Жалпы мамандардың пікірі бір жақтан шығады. Рецидивистердің көптігі саланың кемшілігінен. Бірақ оған қарамастан кез келген адам кешірімге лайық. Яғни рақымшылық берілуге тиіс. Десе де бұл шешімнің артында тұтас қоғамның жауапкершілік жүгі түр. Сол себепті кімдерді кешіріп жатқанымызды білу де маңызды. Мемлекеттің мейіріміне іліккен азаматтарды іздедік әрі таптық. Соның бірі – есімі мен түрін жасыруды сұраған жас жеткіншек. Ол осыдан бір ай бұрын курьер болып жұмыс істеген. Кезекті тапсырыстың бірі – «Алиса» станциясын межелі жерге жеткізбей, 1 жылға бас бостандығы шектелді. Балалығы да, шалалығы да ұрлықтың айыбын жаба алмады

Ал екінші кейіпкердің жағдайы тым бөлек. Құрылыста еңбек ететін азаматтың қол астындағы адамды тоқ ұрып, қайтыс болады. Кейін сот жазатайым оқиғаға кінәлі деп осы кісінің бас бостандығын шектеді. Арада 2 жыл өткеннен кейін рақымшылыққа ілігіп отыр.

Міне, қылмыскердің бәрі бірдей жауыз емес. Демек арасында кешірімге лайық азаматар жетерлік. Концтитуция күніне орай барлығы 15 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалады. Олардың 4100-і қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан толық босатылады. Ал 11 000 адамның негізгі жаза мерзімі қысқарады. Бірақ бақылау жалғаса береді.

Әсем Бисатова, Сарыарқа ауданы пробация қызметінің аға инспекторы:

- Солар егер теріс қылықтар жасаса, мысалы қайта қылмыс жасау, кешкі 22:00ден бастап тұрғылықты мекенжайында болмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылса, біз оларды сотқа ұсыныс жасап, өтелмеген мерзімін қайтадан бас бостандығын өтеуге жолдаймыз.

Рақымшылық хақы – осындай. Бұл – ағаттыққа бой алдырған азаматтардың соңғы мүмкіндігі. Заңгерлер арасында кешірімнің аясын кеңейту керек еді деген пікір де бар. Қылмыскерді құлбырауда ұстағаннан пайда аз. Басы артық бостандықтың да арты жақсылыққа апармайды. Демек тұтқындардың түрмеден кейінгі өміріне емес, түрмедегі тіршілігіне баса назар аудару керек-ті. Сонда елдің қылмыстық ахуалы да түзелер, бәлкім рақымға лайық қылмыскерлер де көбейер. Бұл мәселе уақыт еншісінде.

Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Мадияр Қындыбаев, 24KZ

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz