Жасанды интеллект енді медицина мамандарына жәрдемдеседі. Жамбыл облысында онкологиялық ауруларды, әсіресе өкпе мен сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға мүмкіндік беретін радиологиялық жүйе енгізілуде.мед
Ауқымды жобаны алғаш болып облыстық Онкологиялық орталық тәжірибеден өткізеді. Бұған дейін аймақта диагнозды қашықтан көруге арналған PACS жобасы қосылған.
Жамбыл облысында жылына маммографиялық скринингтен 55-60 мыңға жуық әйел өтеді. Олардың нәтижесін облыстық Онкология орталығындағы бес дәрігер ғана қарайды. Солардың бірі – Мадина Файзин. Рентгенолог-дәрігер жылына 12 мың, ал күніне 80-нен 120-ға дейін адамға диагноз қояды. «Қосылғалы отырған жасанды интеллект жобасы ауыртпалықты жеңілдетер еді», - дейді дәрігер.
Мадина Файзин, рентгенолог-дәрігер:
- Потология бүкіл жағдайда шыға береді деп айтпаймын. 100 пайыздың бір 20-30 пайызында болуы мүмкін. Потологиясыз жағдайларда жасанды интеллект бізге жақсы көмектеседі деп ойлаймын. Себебі ол автоматты түрде қорытынды жасап береді. Сондықтан біз оны бір тексеріп шығамыз. Содан кейін қорытындысын береміз. Баяғыдай әрқайсысын қарап, тексеріп, тереңдеу қажет емес деп ойлаймын.
Цифрлық жүйе сәулелік диагностика саласында кеңінен қолданылады. Яғни компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, рентгенография, флюорографияға түскен адамның диагнозы дәрігерге бармай-ақ екі минутта дайын болады. Жүйе 95%-ке дейін нақты шешім шығарады. «Жасанды интеллект кез келген ісікті 1 мм-ден бастап анықтап береді», - дейді Орталық басшысы.
Жандос Сейдахметов, облыстық Көпбейінді онкология және хирургия орталығының бас дәрігері:
- Маман тапшылығын шешеді. Уақыт үнемдейді. Диагнозды дәл қоюға көмектеседі. Кейде дәрігерлердің көрмеген ақауларын осы жасанды интеллект көреді, дәрігерге диагноз қоюға үлкен көмегін тигізеді.
Мамыр айында аймақта PACS жүйесі қосылды. Ол облыс орталығындағы барлық радиологиялық зерттеулерді біріктіріп, бірыңғай ақпараттық жүйеге жинақтайды. Бүгінде облыстың 33 медициналық ұйымы осы цифрлық экожүйеге біріктірілді.
Жандос Сейдахметов, облыстық Көпбейінді онкология және хирургия орталығының бас дәрігері:
- Уақыт үнемдейді. Бұрынғы кездері маммография пленкасын таситын. Ортада курьер болатын. Қазір ондай жоқ. осы PACS жүйесі бар. Сол арқылы маммографияны өздері жергілікті жердің емханасында түседі, ол автоматты түрде бізге түсіп, дәрігерлер жүйе арқылы қарап, арнайы қорытындысын береді.
Жасанды интеллект жобасы алдағы бірнеше айда нақты емдеу ісінде қолданылады. Ал жыл соңына дейін аймақтағы 392 медициналық мекеменің барлығы PACS жүйесіне қосылады. Ол үшін облыстық бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде алыс аудандардағы науқас диагнозын облыстық аурухана немесе Ұлттық ғылыми медицина орталығының дәрігерлері көре алады.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә
Тегтер #Таңдаулы #медицина #жасанды интеллект #Онкологиялық ауруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz