Шілденің үшінші жексенбісі Қазақстанда металлургтер күні. Осыған орай Премьер-министр Олжас Бектенов ұлытаулық металлургтерге мемлекет басшысының атынан марапат табыс етті. Жезқазғанға жасаған жұмыс сапары кезінде мыс қорыту зауытына барып, өндіріс қуатымен танысты. Сала қызметкерлерін алдағы кәсіби мерекемен құттықтады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша металлургия саласының ел экономикасына қосқан үлесі 6,9%. Бүгінде салада 110 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олжас Бектенов металлургияны дамыту Үкіметтің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Яғни өндірісті жаңғырту, жаңа кен орындарын игеру және заманауи технологияларды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жалғасады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық экономиканың старатегиялық қуатын арттыру үшін қайта өңдеу ісін, оның ішінде қара және түсті металлургиядағы жаңа саладарды дамыту керектігін атап көрсетті. Бұл орайда ерлік пен үлкен ерік-жігерді талап ететін кәсіп иелері – металлургтердің қажырлы еңбегі қашанда маңызды.
Премьер-министр білікті мамандарға мемлекеттік наградалар табыстады. 36 жыл Жезқазған мыс қорыту зауытында балқытушы болған Болат Айдаболов «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Ал ұзақ жыл ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген Гүлбану Жұмаділдиноваға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Болат Айдаболов, Жезқазған мыс қорыту зауытының балқытушысы:
- Бұл салада жұмыс істегеніме 35-36 жылдай болып қалды. Басында жас бала болып келіп едім, қаншама тәрбиешілерден өттім. Енді қазір өзім жастарға үйретіп жатырмын. Сол еңбектің арқасында үшінші дәрежелі орденмен марапатталып жатырмын.
Гүлбану Жұмаділдинова, Жезқазған байыту фабрикасының флотаторы:
- Осы салада жұмыс істеп жатқаныма 40 жыл болды. Сол еңбектің арқасында, міне, жоғары награда беріп жатыр. Сол үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымды білдіремін.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында тау-кен металлургия кешенінің еңбеккерлеріне ерекше көңіл бөлінеді. Президенттің бұйрығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» құрметті атақтары тағайындалды. Биылғы мерекеде металлургия өнеркәсібінің 600-ге жуық жұмысшысының еңбегі бағаланды. Президент атынан жолданған мемлекеттік марапатты Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе және Қостанай облыстарында өңір әкімдері табыс етті.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов
Тегтер #Олжас Бектенов #Ұлытау облысы #Металлургтер күні #марапат #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz