RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысы металлургтерінің еңбегі еленді

18.07.2025, 19:40 414

Кәсіби мерке қарсаңында Қарағанды облысының металлургтерінің де еңбегі еленді. Президент атынан мемлекеттік наградалар табысталды. Жоғары дәрежелі ордендер мен медальдар сала ардагерлеріне, өндіріс озаттарына, еңбек әулетінің өкілдеріне берілді. Салтанатты іс-шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қатысып, төл мерекемен құттықтады.

Сайлаубай Байсанов Қарағандыдағы Жантөре Әбішев атындағы химия-металлургиялық институттың директоры. Техника ғылымдарының докторы, профессор металлургия саласына 50 жыл ғұмырын арнаған. Ол көмірден металл ерітіндісін алудың тың технологиясын ойлап тапқан танымал ғалым. Бұл ерекше жобасы үшін 2001 жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған. Кәсіби мереке қарсаңында Сайлаубай Байсанов «Құрмет» орденімен марапатталды. Ол өзіне берілген бұл марапатты өлке өндірісіне өлшеусіз үлес қосып отырған иститутқа көрсетілген құрмет деп біледі.

Сайлаубай Байсанов, техника ғылымдарының докторы, профессор:

- Химия-металлургия институты осы Қарағандының өрлеп дамып жатқан химия өндірісі, металлургия өндірісіне ғылыми жағынан, технология жағынан көмек көрсету үшін 1958 жылы Қаныш Сәтбаев ағамыздың ұсынысымен ашылған. Кішкене ғана институтта 2 зертханасы бар еді, қазір 14 зертханасы бар.

Салтанатты шара барысында Теміртау мен Балқаш қалаларының металлургтері «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі еліміздегі металлургия саласы дамудың жаңа даңғыл жолына түскенін атап өтті. Зауыттарға заманауи технологиялар енгізіліп, өндіріс және шикізат кеңістігі кеңейтіліп жатыр. Мұның барылғы өнімділікті арттырып, еңбек қауіпсіздігін жақсартады.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Қарағанды облысындағы болат өндірісі Қазақстанның индустриялдық әлеуетіне зор үлес қосып отыр. Оның сапалы өнімі халықаралық деңгейде мойындалған. Бұл жетістікке сіздердің маңдай тер, қажырлы еңбектеріңіздің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Институттағы ғылыми ізденістер, шахталар мен зауыттағы тынымсыз жұмыстың арқасында экономикаға зор үлес қосып жүрсіздер. Еліміз бойынша 200 мыңнан астам металлург бар. Олардың арасында көрікші сүйменін атадан балаға мирас қылып келе жатқан қаншама еңбек әулеті бар.

Теміртау металлургиялық комбинаты биыл 3,5 миллион тонна болат өндірген. Бүгінде өндіріс алпауыты аумағында домна пештеріне, екі кокс батареясына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келешекте зауыт жұмысы толықтай көгілдір отынға көшеді. Соның арқасында құрышты қаланың экологиялық ахуалы жақсарады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz