RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-дағы 8 ауылда мәдениет үйі салынады

22.07.2025, 08:12 479

Батыс Қазақстан облысындағы бірнеше елдімекенде мәдениет үйі салынады.

Басымдық облыс орталығынан шалғай орналасқан ауылдарға беріледі. Мысалы Щапов ауылының тұрғындары мерекелік шараларды балабақшаның тар бөлмесінде өткізіп жүр. Мәдениет үйін салып беруді сұраған тұрғындардың тілегі жақында орындалады. Жоба «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады.

Щапов ауылында мәдениет үйі атымен жоқ. Екі мыңнан астам тұрғыны бар елдімекенде мерекелік жиындар мен түрлі шаралар балабақшаның тар бөлмесінде өтіп жүр.

Жақсылық Құрманғалиев,  Щапов ауылының тұрғыны:

- Бір жағы балабақша да, бір жағы клуб қой. Клубқа ешкім сыйған жоқ. Бүкіл жаңа жылдың, шараның бәрі осында өтіп отырды. Бірақ кісі сыйған жоқ. Енді қазір Құдайға шүкір, міне, клубымыз керемет. Халқымыз риза. 

Мәдениет үйі 200 орынға шақталған. Қос қабатты ғимараттың іші заманауи құралдармен жабдықталған. Музыкалық аспаптар да жаңадан сатып алынды. Нысанның бір бөлігінде спорт залы мен кітапхана орналасады.

Біржан Нұрбайыров, Щапов ауылының әкімі:

- Қазір ғимараттың құрылысы 99 пайызға бітті деп айтқымыз келеді.  Мамандармен толығымен қамтамасыз етіліп отыр. Мына спорт залға арнайы методист бөлінді. Мәдени саланың қызметкері толығымен қамтылып отыр. Енді ауылға келген мамандарға өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік қолдау бар.

Нысанның құрылысына 500 млн-нан астам теңге жұмсалды. Дәл осындай Мәдениет үйі өңірдегі тағы 7 ауылда салынады.

Парасат Жұмағалиев, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары

- Биылғы жылы БҚО бес ауданында 8 мәдени нысанның құрылысы басталған болатын. 8 нысанның барлығы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде. Жалпы құны 3,4 млрд-тың бүгінгі таңда 2,9 млрд теңге қаражаты бөлініп тұр.

Достық ауылында да жаңа мәдениет үйі ашылады. Оны жер қойнауын пайдаланушы компания өз есебінен салып беруге уәде берген. Мәдениет нысандары жыл соңына дейін тапсырылады.

Елдос Кәкенов, Альбина Кумаргалиева, Калыбек Акрап, Эльдар Аюпов, 24KZ

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz