Испанияның Барселона қаласында өткен STEM-олимпиадасының жеңімпаздары елге оралды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы оқушыларға құттықтау жеделхатын жолдап, шәкірттердің жеңісін тарихи жетістік деп бағалаған еді. Бір аптаға созылған білім бәйгесінде әлемнің 36 елінен барған 900-ден астам оқушы бақ сынасты. Олар математика, жаратылыстану сынды бес бағыт бойынша сайысқа түсті.
Испанияда өткен халықаралық STEM-олимпиадада еліміздің көк Туын желбіреткен оқушылар елге оралды. Оларды Астана әуежайында туған-туыстары мен достары күтіп алды. Қоржында – 3 алтын, 5 күміс және 13 қола медаль бар. Ал елордадағы «Нұрорда» мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Асығат Дүйсенов «Жаратылыстану ғылымдары» санатында абсолютті чемпион атанды.
Асығат Дүйсенов, Халықаралық Stem-олимпиадасының абсолютті чемпионы:
- Алдыңғы жылы да осы олимпиадаға қатыстым және осы олимпиада қиынырақ болды. Өйткені сұрақтар көбірек болды. Көп дайындалдым. Үш-төрт ай дайындалдым тоқтамай. Сөйтіп енді жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын.
Арнұр Қазыбеков, Nurorda мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі:
- Асығат өте жақсы көрсетті. Өткен жылы есімде, Асығат екі категория бойынша бір күміс, бір алтын алған. Сол кездегі сөзі есімде қалып қойды. «Мен келесі жылы қатысамын, міндетті түрде және де екі пән бойынша алтын аламын», - деді. Сөзінде артығымен тұрды. Тек қана алтын алған жоқ және біздің елімізге абсолютті чемпион атағын алып келді.
Асығат – үйдегі бес баланың екіншісі. Чемпионды әуежайда әжесі, анасы мен бауырлары қарсы алды. Ата-анасы қаршадайынан оқуға зеректігімен ерекшеленген ұлдың болашағынан зор үміт күтеді.
Гүлжәмилә Дүйсенова, Асығаттың әжесі:
- Өзі спортты жақсы көрді. Футболды жақсы көрді, шахматты жақсы көрді. Сондай зерек бала болып өсті десем болады. Біз оның болашағынан үлкен нәтиже көреміз және де осындай нәтиже беріп, біздің әулетімізді, бүкіл Қазақстанымызды елге танытқан азамат болып өскеніне өте қуаныштымыз.
Жұлдыз Жорабекова, Асығаттың анасы:
- Асығат 2024 жылы жазғы демалыста Еуропаға барып алтын иегері болып келген. Математикадан және жаратылыстанудан алды. Былтыр да қатты қобалжып осылай күткенбіз. Енді биыл абсолютті чемпион болып, одан да қатты қуантып тұр. Өте қуаныштымыз, қобалжып тұрмыз.
Жаһандық білім бәйгесінде топ жарған оқушыларды Президент құттықтаған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы жас жеткіншектердің жеңісін еліміздің абырой-беделін арттыра түсетін тарихи жетістік ретінде бағалады. Және бұл – Қазақстанда білім беру саласы қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі деп бағалады Мемлекет басшысы.
Арнұр Қазыбеков, Nurorda мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі:
- Барселонада жүрген кезде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы құттықтағанына өте қуандық әрі таңғалдық. Бұл енді біз үшін үлкен мәртебе. Себебі баланың еңбегі, ұстаздың еңбегі және мектептің еңбегі еленгені бәрімізге жақсы әсер берді деуге болады. Ата-ана болып, оқушы болып, бәріміз осы хабармен бөлістік.
Гүлмира Төлеуғазықызы, ата-ана:
- Мемлекетіміздің басшысына үлкен рахмет. Өзінің құттықтау жеделхатын жіберіп жатыр. Біздің Қазақстанның болашағы біздің балаларымыз. Ал сондықтан Қазақстан алға. Өте қуанып тұрмыз. Біздің туымызды, Қазақстанның туын осындай шетелде жоғары көтеріп келе жатқан балаларымызға көп рахмет.
Қарапайым да сабырлы Асығат жақын күндері қайта дайындыққа кіріспекші. Алда әлі талай дода бар. Бізбен әңгімесінде өзінің арманымен де бөлісті.
Асығат Дүйсенов, Халықаралық Stem-олимпиадасының абсолютті чемпионы:
- Арманым - бизнес ашу. Өзіміздің өндірісті жасау. Біз көп затты шет елдерден аламыз, Еуропадан аламыз. Ал мен сол өндірісті Қазақстанда жасағым келеді.
STEM-олимпиадасы әлемдегі беделді бәсекелердің бірі. Жарыс деңгейі жыл санап көтеріліп келеді. Былтыр Нидерландыда өткен жарысқа 31 мемлекет қатысса, биыл 36 елдің оқушысы сынға түсті. Ал келесі жылы Италиядағы олимпиадаға қатысушылар саны арта түсуі бек мүмкін.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Олимпиада #балалар #жетістікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz