Биыл геологиялық барлауға 30 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Жалпы тау-кен байыту саласының дамуына үкімет басымдық беріп отыр. Себебі ауыр өнеркәсіптің бұл саласы еліміздің экспорттық әлеуеті үшін аса маңызды. Биыл 190 жобаны іске қосып, 23 мың тұрақты жұмыс орнын құру көзделдіп отыр.
Тау-кен байыту саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 8 % құрайды. 224 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Былтыр салаға 1 трлн 700 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Биылдыққа құрған жоспар да ауқымды: 190 өнеркәсіп жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Оның жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайды. Бұл 23 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Жалпы, тау-кен металлургия саласында 6,5мың жұмыс орнын құруға жағдай жасайтын 28 жоба бар. Үкімет басшысы барлығын тыңдап болғаннан кейін тау-кен өндірісін дамыту мен цифрландыруға қатысты тиісті тапсырмалар берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жер қойнауын геологиялық барлау көлемін арттыру үшін биылдан бастап қаржыландыру көлемін едәуір ұлғайтамыз. Біз жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру бойынша аукциондардан түсетін бонустардың қаражаттарын геологияны дамытуға бағыттау туралы шешім қабылдадық. Биыл бұл сома кемінде 30 млрд теңгені құрайды. Аталған қаржы көлемі әлі де арта түсетін болады. Қазіргі уақытта тиісті есептеулер жүріп жатыр.
Көші-қон және демографиялық саясаттың жаңа бағдарламасы әзірленеді
Отырыста сондай-ақ көші-қон және елдегі демография мәселесі қаралды. 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова көші-қон және демографиялық саясатты дамытудың жаңа бағдарламасы дайындалып жатқанын жеткізді.
Светлана Жақыпова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Қазақстанда халықаралық және еңбек көші-конын басқару үшін платформаны іске асыру, ұйымдастырылған көші-қон арналарын кеңейту қарастырылған.
2022 жылдан бері «Ерікті қоныс аудару» бағдарламасы аясында 28 мыңға жуық адам қоныс аударыпты. Осылайша солтүстік өңірлердегі көші-қон деңгейі 4 есе төмендеген. Еңбек тапшылығы сезілетін өңірлердің ерекшелігі ескеріле отырып, әр облыста қоныстанудың жеке бағдарламасы әзірленетін болады. Бұл ретте қандастарды бейімдеу бойынша тұрғын үймен қамту, тілдік интеграция, кәсіптік бағдарлау секілді қосымша шаралар қолданылмақ.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #геология #таукенPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz