RU
Толық нұсқаға өту

Компаниялар өндірістік қалдықты өңдеуге міндеттеледі

22.07.2025, 14:15 348

Елде жылына 1 млрд тонна өндірістік қалдық шығады. Әрине қаупі де үлкен.

Сондықтан өңдеп, екінші өмір беріп, экономика үшін пайдалы ету керек. Бірақ қалдықты кәдеге жаратуға кәсіпорындар құлықты ма? Өйткені өндірістік шығарындыларды қайта өңдеудің өзі қыруар қаржыны талап етеді. Ал Премьер-министр биыл қыркүйекке дейін экология министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға радиоактивті қалдықтардан басқасын басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Қаржыландыратын жобалар санын 5 есеге арттыру да да жүктеді. 

Реттелмеген мәселеге ренішін білдірген Тимур Елеусізов. Ол - эколог. Кіл жоқтың ішінен бір кілтипанға тоқталды. Алматыда жалғыз полигон, 24 компания болса, соның тең жартысы қалдық тастау алаңымен келісім шарт жасаспаған. Бұл құр байбалам емес, прокуратураның дәлелі, - дейді. Ал ел аумағында жылына 1 млрд тонна өндірістік қалдық шығарылады. Өңірлерге қауіп төндірмеу үшін көмілуі немесе өңделуі тиіс.

Тимур Елеусізов, эколог:

- Біріншіден, бұл өте қымбат. Екіншіден, оған кім төлейді? Кәсіпорын салып, кейін қалдығын кәдеге жарата ма? Ол ешкімге қызық емес. Біздің кәсіпкерлер тек өнім шығаруды көздейді, қалғанын маңызды санамайды. Себебі қалдықтарды өңдеу өз алдына жеке бизнес десек болады. Демек, бизнес үшін шығын. Сондықтан оларға айыппұл төлей салған оңай немесе төлемей, сотқа беріп, жылдар бойы ақталып жүргенді қолай көреді.

Экология министрлігі өңдеуге көнбейтіндермен өзгеше сөйлеспек. Мінін айтып, міңгірлемей, міндеттейміз,-дейді. Компания өзі өңдейді немесе инвестордың иелігіне өткіуі тиіс. Әншейінде қалдықты тегін бергіш кәсіпорындар, жеме-жемге келгенде пайдакүнем бола қалады.  Бағаны қырық құбылтып, ақыры кәдеге жаратушы тарапты қашырып тынады. Екі ортада мәселе мемлекет есебінен бітіп жүр. Бұған нүкте қою үшін биыл қыркүйекте тұжырымдама таныстырылады. Премьер-министр қалдықтарды басқару, сұрыптау және қайта өңдеу саласын дамытуды жүктеді.  

Әсел Рахымова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Өндірстік қалдықтар басқармасының басшысы:

- Қалдықтарды басқаруды ең үздік қолжетімді технология бойынша әзірлейді. Ол жалғыз Қазақстан емес халықаралық тәжірибеге байланысты. Бізде Қазақстанда 16 анықтама бар әзірленген. Биыл қалдықтарды басқару бойынша 3 анықтама әзірленіп жатыр. Ол көбіне жолға төсеу керек, құрылыс материалдарына беру керек. Экономиканың басқа да қандай салаларына осы қалдықтарды тартуға болады? Сол себепті.

Бірақ кәсіпкер негізгі ісін жүргізе ме әлде кәдеге жаратумен айналыса ма? Эколог күмән келтірді.

Тимур Елеусізов, эколог:

- Бұл мүмкін емес. Қалдықтың барлық түрі өңделмейді. Тіпті оны өңдейтін технологияда жоқ. Болғанның өзінде қымбат тұрады. Яғни, істеп тұрған кәсіпорынды жабуға тура келеді. Өйткені, қалдық өңдеумен айналысу қосымша салмақ. Меніңше, бұл құрдымға кетіретін норма. Одан нәтиже көріп тұрғаным жоқ. 

Тау кен, энергия және мұнай-газ. Осылардың өндірістік қалдықтары ережеге сәйкес 3, 6 немесе 12 ай сақталады. Кейін өңделу керек. Әйтпесе жойылуы тиіс. 2022-2024 жылдар аралығында талапқа бағынбаған 405 компанияға 14 млрд теңге айыппұл салынған. Тек бір әттеген-айы жаңа кодексте қалдықтарды тіркеу журналы жоқ.

Лаура Маликова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:

- Инспекторлар мекемеге тексеріс ашқанда оны қарай алады. Дегенмен қалдықтарды тіркеу журналы болмағандықтан оның нақты уақытын белгілеу қиын. Сондықтан қазір бізде қаралып жатқан заңнаманың аясында экологиялық кодекске қайта қалдықтарды тіркеу журналын қайтару бойынша сондай нормалар ұсынылып жатыр.

Өндірістік қалдықтардан тыс техногендік минералды түзілім деген ұғым бар. Бұл қалдыққа қарағанда тау-кен және энергетика саласындағы пайдалы қоспа немесе элементтер жиынтығы. Елде сондай 1700-ден аса нысан орналасқан. Түзілім көлемі 55 млрд тонна. Бірақ, дамыған мемлекеттерде оны өңдеу деңгейі 80 пайыз болса бізде небары 11 пайыз. Есебіміз түгел болса есеміз кетпес еді. Әйтсе де, басқасын айтпағанда әлі күнге тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату жолға қойылмады. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz