Алматы маңындағы Тұздыбастау ауылының тұрғындары ауызсудан таршылық көріп отыр, деп хабарлайды 24KZ. Соңғы жылдары мұнда үй құрылысы қарқын алғандықтан, инфрақұрылымның дамуы баяулап қалған. Ал елді мекенді ауызсумен қамтитын маңызды нысан жекенің иелегіне өткен. Бірақ кәсіпкер өз міндеттемесін орындамай, жұртты тіршілік нәрінен айырған.
Тұздыбастаудағы 400 үй жеке ұңғымаға қосылған. Мәңгілік Ел, Нұрлы жол және Ғабит Мүсірепов көшелерінің жұрты жағдай дәл осылай күрт нашарлайды деп ойламапты. Биыл су тапшылығы айтарлықтай қатты сезіледі.
Ақлима Қабылбаева, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:
- Мынау су – техникалық су. Бұны ішуге болмайды. Тіпті ыдысты жуғанда қақ болады. Сол себепті біз ішетін суды сатып аламыз. Бізге тек қана су керек. Басқа еш нәрсе керек жоқ, бізге су берсін. Ішетін ауызсу берсін.
Тұрғындар бұл жағдайды бассейнмен байланыстырады. Биыл ауыл маңына демалушылар үшін үлкен хауыз салынды. «Бізге тиесілі су сол бассейнге ағып жатыр», – деп күмәнданады жергілікті жұрт.
Айтқалы Жұртшытегі, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:
- Не үйде суық су жоқ. Халық қайда барарын білмейді. Осындай заманда тұрып жатыр. Сондықтан мына жерде салып жатқан бассейнді де құрту керек. Бассейн келгелі осы су тоқтады. Енді су жоқ дегені мына ХХІ ғасырда өте ұят.
Ауылда тіршілік нәрін сататын тағы бес кәсіпкер бар. «Басқаларында мұндай тапшылық жоқ», – дейді әкімдік қызметкері.
Гауһар Білібаева, Тұздыбастау ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Судың көлемі халыққа жеткіліксіз болып жатыр. Су үш көшеде ғана жоқ болып тұр. Қалған үйлердің бәрін қамтамасыз етіп отыр. Ол жерде дәл сол скважинаның суымен 400 үй қамтылған. Оның ішінде жаңағы осы үш көшеде 85 үйдей бар деді. Білмеймін не себепті, бірақ су жетпейді дейді.
Тұздыбастаудың біраз тұрғыны тіршілік нәрін жекеменшік ұңғымалардан тамшылап ішуге мәжбүр. Ал әкімдіктің орталық жүйені қашан жаңғыртатыны белгісіз.
Авторлары: Алуа Ералықызы, Мұхит Құдықбаев, Кенже Амраев
Тегтер #Алматы #су тапшылығы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz