Ақтөбе облысында биыл 7 шақырымға жуық жылу құбыры жаңартылады, деп хабарлайды 24KZ. 600-ден астам қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Облыс орталығында 150 көпқабатты ғимаратты жылумен қамтамасыз етіп отырған магистральдік жүйе жаңартылады. Жылыту маусымына дайындыққа 19 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалады. Барлық жұмыс коммуналдық мекемелердің инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асады.
Қарасай батыр көшесіндегі магистральдік желі 30 жылдан бері жаңартылмаған. Өткен жылыту маусымында бірнеше жерден жарылып, тұрғындардың жылусыз қалған кезі де болды. Әбден ескірген құбырдың 166 метрі ауыстырылады. Абонент санының артуына байланысты үлкен диаметрлі құбырлар орнатылады.
Мұса Ыбраев, коммуналдық кәсіпорынның бөлім басшысы:
- Ескі қаланың басым көпшілігін жылумен қамтамасыз етеді. 150-ден астам көпқабатты үйлерді, балабақша, мекемелер және тағы басқалары. Жылу жүйесінің уақыты келді. Тозды. Соны қазір жаңартып жатырмыз.
Биыл Ақтөбе облысында 7 шақырымға жуық жылу желісін жаңарту жоспарланған. Облыс орталығында 1,2 шақырым құбыр ауыстырылады. Шаһардың 80%-ін жылумен қамтамасыз етіп отырған «Ақтөбе Жылу Электр Орталығы» станциясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Серік Дәулетов, облыстық Энергетика ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгінгі уақытта Ақтөбе ТЭЦ-тегі 13 су қазандықтарының жетеуі толығымен жөнделді. Қалған сегізінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 8 млрд-қа жуық өздерінің инвестициялық бағдарламасына жүргізіп жатыр.
Коммуналдық салаға жауапты мекеме өкілдері жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүріп жатқанын айтады. Бюджеттік ұйымдар мен көгілдір отын желісі тартылмаған ауылдарға қажетті 42 мың тонна көмір тамыз айында жеткізіледі. Бұл мақсатқа 1 млрд теңге жұмсалады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов
Тегтер #Ақтөбе облысы #жылу құбыры #жылу қазандығы #жылыту маусымы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz