Қызылорда облысында қараусыз малдың кесірінен болатын жол-көлік оқиғалары көбейді. Жыл басынан бері 76 жол апаты тіркеліп, 9 адам жарақат алған. «Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінде көлік ағыны артқан сайын, қайғылы оқиғалар одан сайын жиілеуі мүмкін», – дейді мамандар. Сол себепті полицейлер қауіпсіздік шараларын күшейтуге кірісті.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бұл учаскесі елді мекендер арқылы өтеді. Жүйткіген көліктер мен қоршаулардың жоқтығы адам өміріне қауіпті. Ал түнгі мезгілде алдыңнан шығатын кедергілерді уақытында байқау оңай емес.
Бұл – қала іргесіндегі Баймұрат батыр ауылы. Жергілікті тұрғын Ақберген Беренов он шақты сиыр ұстайды. Малды жайылымға қараусыз жіберген ол осымен үшінші рет әкімшілік айыппұл арқалап отыр.
Ақберген Беренов, Баймұрат батыр ауылының тұрғыны:
- Бір жағынан жолдың қысымы, бір жағынан мына жайылымның қысымы. Жайылымдық жер жоқ. Бәрін егістік қоршап алған.
Полицейлер жолдағы апаттың алдын алу үшін төрт түлікке жарық шағылыстыратын лента тағуға үндейді. Бұл жүргізушілерге жол кезіп жүрген малды бірден байқауға мүмкіндік береді.
Рауан Әлдешов, ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Ағымдағы жылдың алты айында «Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент» автомобиль жолында участкелік полицей инспекторлары жол апаттарын алдын алу бағытьында жолдың жүріс бөлігіне үй жануарларын қараусыз жіберген 523 тұрғынға ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408 бабымен әкімшілік шаралар қолданды.
Егер көлік жабайы жануармен соқтығысса, темір тұлпарды қалпына келтіру шығынын жүргізушінің өзі өтейді. Ал үй жануарлары жол апатына себеп болған жағдайда материалдық жауапкершілік иесіне жүктеледі деп ескертеді жол сақшылары.
Авторлары: Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байдулдаев
Тегтер #Қызылорда облысы #жол қауіпсіздігі #мал жайылымы #жол көлік оқиғасыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz