RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында өртке қарсы шаралар күшейтілді

24.07.2025, 08:49 443

Ақмола облысының орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді.

Жыл басынан бері аймақтағы ормандарда  21 өрт болған. Қазіргі таңда өңірде 50 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 100-ден астам жедел топ орман алқаптарын күнделікті аралайды.

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді филиалы аумағында шартты өрт шықты. Оқиға орнына орман өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері жедел жетті. Олар арнайы техниканың көмегімен өртті тез арада өшіріп үлгірді. 

Бахтияр Олжағұлов, «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалы өрт сөндіру бекетінің бастығы:

– Біздің бөлімшеде 4 өрт сөндіру көлігі, шағын өрт сөндіру кешені бар. Биыл 5 қосымша көлік берілді. Өрт немесе түтін пайда болған жағдайда кезекше біздің бекетке хабарлайды. Біз бірден оқиға орнына шығамыз. Өрт орнына жету үшін орташа есеппен 15–20 минут қажет. Өртты сөндіру үшін жылдам әрі жедел әрекет ету керек. 

Ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары орманшылар жаңа өрт сөндіру құрылғыларымен және жаңа техникамен қамтамасыз етілді. 

Аслан Әбутәліпов, тілші:

– Орманшылардың айтуынша, ең бастысы – өртті дер кезінде анықтап, оны оқшаулау. Қазіргі таңда ұлттық парк аумағында өртті ерте анықтау жүйесі жұмыс істейді. Сонымен қатар орман алқаптары арнайы мұнаралардан бақыланады.

Құшпай Бұқанов, «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалының директоры:

– Қазіргі таңда бізде өртті ерте анықтау жүйесі жұмыс істейді. Басқару орталығынан біз бейнекамералар арқылы орман алқаптарын бақылап отырамыз. Камералар түтінді немесе өрт ошағын бірден анықтайды. Филиал аумағында үш бейнекамера ең биік жерлерде орнатылған.

Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандары ерекше бақылауға алынды. Бұл аудандарда орманға келетін турист көп болғандықтан, өрт қаупі де жоғары. 

Абзал Құсайынов, Орман шаруашылығы және ЖД аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Орманшылар күнделікті алқаптарды аралап жүреді. Сонымен қатар біз құтқарушылар және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, ормандағы қауіпсіздік ережелерін сақталуын тексереміз. Рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. 

Орман алқаптарын тікұшақтармен бақылау да жүйелі жолға қойылған. Қазіргі таңда үш әуе бөлімшесі күніне үш рет жасыл желектерді әуеден бақылайды.

Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz