Қарағанды облысында үш бірдей қызметті атқарып отырған әмбебап дәрігер бар.
Қарқаралы ауданының тұрғыны Салтанат Әлмаған бас дәрігер және ультрадыбыстық диагностика маманының міндеттерін қатар атқарып келеді. Сонымен қатар шұғыл шақыртуларға жедел жәрдем көлігін өзі жүргізіп кете береді. Әмбебап маманға халық дән риза.
Салтанат Әлмаған бүгін таңғы 6-дан бері қызметіне кіріскен. Бесоба ауылдық округінің орталығынан 18 шақырым жердегі Қарашоқы ауылына жету керек. Тыл ардагеріне шұғыл медициналық көмек қажет. Көліктің жай-күйін бір шолып ап, Салтанат жолға шықты. Дәрігер жедел жәрдем жүргізушісі кезекті еңбек демалысына кеткенде немесе денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмаса, өзі рөлге отырып жүре береді.
Салтанат Әлмаған, Бесоба ауылдық округінің бас дәрігері:
-Бір жағдайлар болған енді. Қарағандыға ауруды апарып жатқызып, содан жүргізушімде соқыршек приступ болып, сол моментте жедел больницаға көлік жүргізіп келгенмін. Өйткені ауылда енді түні бойы вызовтар түседі. Ал былай негізі тұрақты жүргізуші бар.
Жедел жәрдемді ауыл қариясы Мақу Серікова шақыртқан. Тыл ардагері қан қысымы жоғары болғандықтан, амбулаториялық есепте тұр. Зейнеткер: «Ауыл дәрігерінің біліктілігіне тәнтімін», - дейді. Себебі ол әрбір тұрғынның денсаулық ерекшелігін бес саусағындай жатқа біледі.
Мақу Серікова, тыл ардагері:
-Дәрігерлерге рақмет! Система алдым. Дәрігер келді. Жасы ұзақ болсын! Көп жасасын!
Бесоба ауылдық округінің бас дәрігері Салтанат Әлмаған төрт елді мекеннің халқына қызмет етеді. Қыстың ақтүтен бораны мен көктемнің қарғын суына қарамай ауыл-ауылды аралап жүретін ақ халатты абзал жан әрдайым ісіне адал. Науқасқа шұғыл жету керек болғанда, жеке мотоциклын тақымдаған кездері де аз болмаған. Ауыл дәрігерінің бала күнінен көлік құралына әуес болғанын әкесі Амантай Әлмаған айтады. 40 жылдан астам механизатор болып еңбек еткен ол қызының істен шыққан бөлшектерді өзі жөндей беретінін айтады.
Амантай Әлмаған, С.Әлмағанның әкесі:
-Рөлге таласады. Техникаға үйір болды. Үйдің қасына келгенде, тракторға мініп алып жүріп кететін. Шарбақтың барлығын түгел шегелейтін. Өзінің көне тоқ аралары бар. Барлық аппараты бар. Сонымен өзі істейді.
Салтанат Әлмаған медицина саласында 24 жыл бойы еңбек етіп келеді. Әрдайым білмегенін үйреніп, мамандықтың қыр-сырын күнделікті зерделейді. Біліктілігін арттырады. Бірнеше жыл бұрын ультрадыбыстық диагностиканы игерген. Енді ауыл тұрғындары жүрек, бауыр және бүйректі түсіруге қалаға сабылмай, жергілікті амбулаторияда да қаралатын болды.
Мансұр Есқожин, Лиана Жамлиханова, Аман Хамит
Тегтер #Жұмысшы мамандықтар жылы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz