Ақмола облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бірінші республикалық слеті өтті.
Ауқымды іс-шараға жүзден астам студент жиналды. Олар шеберлік сабақтарына қатысып, жұмысшы мамандықтардың болашағын талқылап, өзара тәжірибе алмасты.
Жұмысшы мамандықтарды меңгеріп жатқан студенттер слеті Қазақстанның інжу-маржаны Бурабайда өтті. Жастардың барлығы үлкен жетістіктерге қол жеткізген және өндірісте тәжірибе жинап үлгерген. Жиынға қатысушылар өздерінің инновациялық жобаларымен таныстырып, бірнеше кездесуде білімдерін жетілдірді.
Карина Көсеубаева, студент:
- Мен әртүрлі бағыттағы жобамен таныстым. Басым бөлігі инновациялық технологиялармен және жұмысшы мамандықтарымен байланысты. Сонымен қатар көбісі экономикалық тұрғыдан тиімді екен. Мен де осындай бастамаларды қолға алғым келеді.
Биыл колледждерді қамқорлыққа алған кәсіпорындар саны 7 есеге артты, ал дуалды оқыту туралы келісімшарттарының саны 2 есеге көбейген. Мысалы, 130 мыңға жуық студент дуалды оқыты жүйесі бойынша білім алып, өңдірісте жұмыс істей алады. Сонымен қатар еліміздің 185 колледжінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Еламан Қабиболла, студент:
-Технологиялық практикаларды өткен кезде әртүрлі өңдірістік кәсіпорынға жіберілген болатын. Сол жерде өндірістің мастерлары бізге әртүрлі ақпарат берді, әртүрлі затқа үйретті. Өзім чечевица шығаратын зауытта практика өттім және ол жерде конвеерлерді қосуды, электроқозғалтқыштарды қосуды және автоматика жағынан мағлұмат алдым.
Арман Оспанов, Жоғары агротехникалық колледж директоры:
- Биыл Шағалалы ауылындағы агротехникалық колледжінде 140 орынға арналған жатақханада күрделі жөндеу жүріп жатыр. Яғни студенттер үшін жайлы жағдай жасалған. Біздің колледжде дуалды оқыту жүйесі жақсы дамыған, кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылған. Өз кезегінде бұл ауыл шаруашылық саласына білімді мамандарды дайындауға мүмкіндік береді.
Студенттердің жиынына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев қатысты. Ол студенттермен кездесіп, жұмысшы мамандықтар көрмесімен танысты. Ермек Көшербаев жұмысшы мамандықтарының ел дамуындағы маңыздылығын тілге тиек етті.
Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
-Бүгін жұмысшы мамандығы кәдімгідей терең және керекті білім болу керек. Соның арқасында мына электросварщик дейміз, жаңа наубайшылар наубайхана ашамыз дейді. Сондай жастар көбейіп жатыр. Осы мамандықтарды өмір жолы деп таңдап отыр. Осының арқасында келешекте кейбіреулері жоғары оқу орнына баратын шығар, кейбіреулері өз бизнесін ашып, соның арқасында күн көретін шығар.
Сонымен қатар 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру екі есеге көбейеді. Яғни бір студентке 437 мың теңгеден 912 мың теңгеге ұлғаяды.
Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев
Тегтер #Жұмысшы мамандықтар жылы #Ақмола облысы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz