RU
Толық нұсқаға өту

Астанада кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселелер талқыланды

24.07.2025, 19:25 330

Бизнесті алаңдатқан мәселелер Астанада өткен «Атамекен» палатасының арнайы кеңесінде де қаралды. Елордалық кәсіпкерлер бизнес нысандарындағы маңдайша белгілерін алып тастайтындардан әбден мезі болғандарын жеткізді. Әрекеттері заңсыз деп «Астана жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне шағым айтты.

Динара екі жылдан бері әкімдікке қарасты мекеменің әрекетінен мезі болған. Оның оптикасындағы маңдайша жазбасын талапқа сай емес деп талай мәрте алып тастаған. Себебін сұраса, «Астананың бірыңғай сәулеттік келбетіне» кереғар дегенді алға тартқан. Бірақ ондай дизайн кодын осыдан екі жыл бұрын қалалық мәслихат жойып тастапты. 

Динара Дүйсекенова, кәсіпкер:

- Олар ескертусіз келеді де әй-шәйға қарамай жарнама белгілерін жұлып алып тастайды. Тағы бір кәсіпкер қарсыласып, полиция шақырып, әрең бұздырмай қалды. Біз ондай қадамға бармадық. Сосын жарнаманы қайта жасатып, орнату үшін кемі 600 мың теңге кетеді. Ал, ондай оқиға бірнеше рет қайталанды.

Жыл басынан бері осындай олқылыққа 10-ға тарта бизнесмен душар болған. Бүгін біразы кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңеске келіп, шағымын айтты. Шығыны 8 млн теңге.

Гүлжайна Пернебай, Астана қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Жүріп жатқан демонтаж заңсыз боп есептеледі. Өйткені ол уәкілетті органдардың арасында келісіп, бекітілген жол картасы бар. Демонтажды өткізетін өзінің тәртібі бар. Оның ішіне ресми ескерту беру және мерзімі бар ескертуді орындайтын кәсіпкер. Одан кейін сот шешімімен ғана демонтаж жүргізіледі деп сонда көрсетілген.

Басқосудағы басты айыпты – «Астана жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Сұрақ жалғыз. «Неге ескертусіз білгенін істеп, бүлдіріп кетеді». Бірақ аталған мекеме ақталып бақты. Маңдайшалардағы жазба немесе белгілерді шешуге қатысты шешім жол картасында көрсетілгенін жеткізді. Барлығы Астанадағы 6 аудан әкімімен келісілгенін және олардың қолы қойылғанын айтты.

Дулат Ермекбай, «Астана жарнама» КММ директорының орынбасары 

- Бізде тұрғын үйлерді аралап, зерттеу жүргізіп, таныстыратын қызметкерлер бар. Олар әр кәсіпкермен жеке сөйлеседі. Бұдан соң мүлік иелері бірлестігі және пәтер иелері кооперативімен тұрғын үйге қатысты жарнама беру, белгі орнату тұжырымы жасалады. Сосын ол танысуға таратылады. Үрдіс бірден іске аспайды. Бірнеше айға созылады.

Кеңесте кесімді шешім болмады. Мәселе басы ашық күйінде қалды. Өйткені терең үңіліп, түбегейлі реттеуге уақыт керек. «Бірақ проблема аяқсыз қалмайды», - деді кәсіпкерлер палатасы.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Мәдияр Қындыбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz