RU
Толық нұсқаға өту

Көркемсөз шебері талайды талантымен тәнті етті

24.07.2025, 20:23 483

Павлодардағы 6679 әскери бөлімінің сарбазы Әлихан Медеуұлы көркем сөйлеу мен мәнерлеп оқудың шебері атанды. Әлеуметтік желі қолданушылары жас жігіттің өнерін жоғары бағалауда. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының тумасы Әлихан бала кезден көркемсөзге құштар болған.

Негізгі мамандығы – локомотив жүргізушісінің көмекшісі. Бүгінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүр.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Қатардағы жауынгер Әлихан Медеуұлының әуезді үні көпшіліктің жүрегін жаулаған. Тіпті оның дауысын, диктор, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевқа ұқсататындар бар. Ал сарбаздың өзі оны біле ме? Павлодардағы 6679 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жатқан Әлиханның әскердегі бір күндік өмірімен таныстық.

Жас сарбаздар салтанатты ант беру рәсіміне қызу дайындалып жатыр. Ал алда өтетін мерекелік іс-шараларды жүргізу ерекше дауыс иесі Әлиханның еншісінде. Қатарластары қолы қалт еткен сәтте дарынды жігіттің әсерлі үніне құлақ түріп, ерекше шабыт алады.

Әлихан пародия жасап, түрлі мультфильм кейіпкерлерінің дауысын да салады. Оның жүректен шыққан қоңыр үні тыңдаған жанды еріксіз баурап алады. Талантына тәнті болған көпшілік әлеуметтік желіде жылы пікірін қалдырып, жоғары бағасын берген.

Әлихан Медеуұлы, 6679 әскери бөлімінің сарбазы:

- Әнуарбек Байжанбаевқа көп кісілер дауысымды ұқсатып жатыр. Ол кісіге ұқсататынын өз басым білген жоқпын. Бұлай танымалдылыққа ие боламын деп ойламаппын. Әнуарбек Байжанбаевқа ұқсатады деген мүлдем ойымда болған жоқ.

Әлиханның әскерге келгеніне сегіз ай болды. Алайда оның басты арманы – танымал болу емес, Отанға адал қызмет ету. Әскери бөлімде әріптестері оны «диктор» деп атап кеткен. Темірдей тәртіпке бағынып, әрбір тапсырманы мүлтіксіз орындайтын жас сарбаз жауапкершілігімен де ерекшеленеді.

Ертіс Жамбылов, 6679 Ә/б екінші атқыштар ротасының взвод командирі:

- Қолынан келмейтін нәрселері жоқ. Саптық дайындығы болса да, атыс дайындығынан болса да өзін жақсы жағынан көрсетіп, жақсы тәрбие көрген және көп нәрсеге үйреніп жүр.

Әріптестері Әлиханды болашақ тележүргізуші ретінде елестетеді. Ал өзі болса, теміржол саласында еңбек етіп, кәсіби білімін жалғастыруды көздейді. Дегенмен, шығармашылықтан қол үзгісі жоқ. Айтуынша, адал еңбек пен өнер қатар жүрсе, нағыз жетістік сол болмақ.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz