Енді газ есептегіш құрылғылардың көрсеткішін онлайн тапсыруға және үнемі бақылап отыруға болады. Жолданған суретті жасанды интеллект тексереді.
Түркістан облысында мамандар тұрғындарға мобилді қосымша жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өңірде қазірдің өзінде 7 мыңнан астам адам жаңа платформаға тіркелген. Оларға әр айдың 25-інде хабарлама келеді. Сол сәтте тұтынушы газ есептегіш құрылғылардың көрсеткішін жолдаса жеткілікті.
Әнәфия Серікбаев, Түркістан қаласының тұрғыны:
- Бақылаушы іздеп, қашан түбіртек келеді деп, ол түбіртек жоғалып қалып, табылмай жататын еді. Қазір олай емес. Өзіміз жәшікті ашамыз, суретті қосымшаға саламыз да, жібереміз. Өте ыңғайлы.
Майра Байбекқызы, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының бөлім басшысы:
- Жұмысқа келіп, «менің чегімді шығарып бер, мен қанша қолдандым, неге ондай?» деген сұрақтар болмайды. Өзінде бар. Күнделікті онлайн режимде қадағалап, көріп отыра алады.
Жоба Түркістан, Қызылорда және Қостанай облыстарында пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Бұл әдіс бақылаушылар мен операторлардың жүктемесін азайтады. Ал мәліметті уақытылы тапсырып, төлем жасаған тұтынушыларға бонус қарастырылған.
Дамир Гуламов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары:
- Жасанды интеллект бұл жұмыстың бәрін өзі жасайды. Ақпарат тікелей түрде жүйеге енгізіледі. Екіншіден, адамдар ай сайын өзі тұтынған газдың көлемін жіберіп отырса, сана сезімінде газды үнемдеу, қанша мен тұтындым деген ой қалыптасады да, адамдар газды үнемдей бастайды.
Мобильді қосымшаны отандық мамандар құрастырып шықты. Жаңа жүйе елдің өзге өңірлерінде биыл қыркүйек айынан бастап қолданылады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Мерей Талап
Тегтер #QazaqGaz Aimaq #тұтынушылар #мобильді қосымша #газPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz