RU
Толық нұсқаға өту

Елде қоғамдық орында бет бүркеуге тыйым салынды

25.07.2025, 12:08 622

Қоғамдық орында адамның жүзін жауып тұратын діни киімдерді киюге тыйым салынды.

Мемлекет басшысы 30 маусым «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңға енгізілген өзгертулерге қол қойды. Бұған сәйкес, енді ниқаб, паранжы сынды адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді көшеде, жалпы қоғамдық ортада киюге болмайды. Заңдағы бұл өзгеріс құқық бұзушылықпен күрес және қылмыстық істердің алдын алу мақсатында жасалып отыр. Алайда, кейбір жағдайларда бетті жабуға рұқсат беріледі. Атап айтқанда, қызметтік міндеттерді орындау, қолайсыз күн райынан қорғану, спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу жағдайларында бет-жүзді жабуға рұқсат етіледі.

Жаңа ереже 2016 жылдан бері қоғамдық талқыға түсіп, былтыр Атырауда өткен ұлттық құрылтайда Президент адамның бет-әлпетін жасыратын киімді «ұлттық құндылыққа жат құбылыс» деп атаған болатын.

Елбек Тасболатұлы - ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:

- Бұл мұсылмандардың құқығын шектеу деп есептемейміз. Керісінше, бұл қажеттіліктен туындап жатқан нәрсе деп қарастыруға болады. Дін жағынан келетін болсақ, дінде ниқаб дін талабы емес. Ханафи мәзһабында құран аяттарына сүйене отырып, Нұр сүресінде «зейнеттерін жапсын, тек қана көрінген жерлерін жаппауына болады» деген аят бар. Бұл жерде тәпсір ғалымдары ол бет пен алақан және де аяқты да қосады. Басқа бір хадисте пайғамбарымыз айтады «қыз баласы бой жеткеннен кейін мына жері, мына жері ашық болып, қалған жерлерін жабу керек» деп діни ұстанымды түсіндіреді. Яғни, бет пен алақанның ашық болуы айтылады.

Демек, ислам дінінде бет пен қолдың жабылуы діни талап емес. Ал ниқаб сынды бетті бүркемелейтін киімдер әу баста белгілі бір елдің қатаң климаттық жағдайына байланысты, ыстықтан, қатты желден қорғану мақсатында қалыптасқан дейді Мүфтиат өкілі. Бетті бүркемелейтін мұндай діни киімдерге тыйым бұған дейін Франция, Дания, Нидерланды сынды бірқатар Еуропа елдерінде, Шри-Ланкада және көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінде де салынған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz