RU
Толық нұсқаға өту

Оралда үздік иісшіл ит анықталды

25.07.2025, 22:16 472

Орал қаласында ең иісшіл, ең төзімді қызметтік ит анықталды.

Байқауға Ұлттық Ұланның Батыс өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдеріндегі үздік кинологтар мен олардың төрт аяқты серіктері қатысты. Сайыс барысында иттер есірткі және жарылғыш заттарды, атыс қаруларын іздеуден сынға түсті.

Ұлттық Ұлан қатарындағы мына иттер жеті қазынаның бірі екенін 21 ғасырда да жаңылмай дәлелдеп келеді. Күнделікті қызмет барысында, қоғамдық тәртіпті сақтауда әскерилерге иісшіл-ізшіл төбеттердің көмегі ауадай қажет екен. Мәселен байқауға Ақтау қаласынан келген Люся атты мына ит биыл көшеде жоғалған сәбидің ізіне түсіп, санаулы сағатта тауып беріпті.

Артём Рукомоев, №6656 әскери бөлімінің кинологы: 

- Ол кезде біздің патрульдік нарядқа қала тұрғыны келіп, өзінің бөбегінен көз жазып қалғанын айтты. Баланың киімін алдыртып, итке иіс алғызғаннан кейін, Люся ізге түсті. 700 метр жерге ұзап кеткен жоғалған баланы тауып берді. 

Ал Оралдағы 5517 әскери бөлімінде тіркелген Пепа атты мына бельгиялық овчарка үш жыл бұрын көшеде тапаншамен қаруланған күдіктіні қолға түсіріпті. Биыл да Пепа байқаудың алғашқы екі күнінің нәтижесі бойынша алда келеді.  «Әдетте жарылғыш зат іздейтін иттер адамға үрмейді, агрессия танытпайды, мінезі жайлы болады», - дейді 20 жылдық тәжірибесі бар кинолог маман Рустам Оспанов.

Рустам Оспанов, № 5517 әскери бөлімінің кинологы: 

- Итпен жұмыс істеу ұнайды. Бала кезден, бұрынғы одақ кезінен шекарашыларды қарадық. Итпен жұмыс істеуді алға мақсат қойдық, сол мақсатқа жеттік шүкір қазір. Ит адамның досы, мінез-құлқына қарап түсіне бересің қабағынан. Адам жұмыс істегесін итпен, мінез-құлқы, көңіл-күйі бар ма, жоқ па, істеп жатқанда бәрін бағыттап біліп отырасың. Бұл да саған қарап біліп отырады, қандай көңіл-күймен келдің деп. 

Қызметтік иттер арасындағы аймақтық байқау барысында иттер есірткі және жарылғыш заттарды іздестіруден бастап, түрлі қашықтықтарға кедергімен жүгіруден, көлік ішіне, қоймаларға жасырылған тыйым салынған заттарды анықтаудан сынға түсіпті. Жаттығулар нақты жағдайға барынша жақындатылған.

Максим Попов, Ұлттық ұланның Батыс өңірлік қолбасшылығының кинология қызметінің бастығы: 

- Иттер өте иісшіл келеді. 21 ғасыр қанша технология дамыған заман десек те, иісті анықтайтын құрал әлі ойлап табылған жоқ. Сондықтан қызметтік иттердің жәрдеміне жүгіне береміз. Бүгінгі байқауға 16 кинолог өз иттерімен қатысуда. Олардың барлығы да ұзақ жылдар бойы итпен жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Тек жыл басынан бері батыстағы 4 облыста ізшіл иттердің көмегімен 31 заң бұзушылық әшкере болды.  

Байқау қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған команда күзде Петропавл қаласында өтетін республикалық сайысқа қатыспақ.

Е. Жылқайдарұлы, Қалыбек Акрап, Эльдар Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz