Щучинск-Бурабай курорттық аймағында биыл 82 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Тазалықты сақтау үшін қоқыс тастайтын 28 алаң мен 480 қоқыс жәшігі қойылды. Жалпы өңірдегі демалыс аймақтарында санитарлық жағдай экологиялық ахуал мен қауіпсіздік шаралары жіті қадағалауға алынған.
Зеренді көлі жағасындағы бұл демалыс орнына туристер көп келеді. Аумағы күнделікті тазартылады. Жалпы туристік аумақтың тазалығы үшін «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді филиалының қызметкерлері жауапты.
Талғат Алазов, «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалы директорының орынбасары:
- Туристер баратын орындарда, жағажайларда және басқа да қоғамдық орындарда дәретханалар және қоқыс жәшіктері орнатылған. Мысалы, осы демалыс орнында шамамен 20-ға жуық контейнер бар. Қоқыс аптасына екі-үш рет шығарылады. Жалпы туристер саны көбейген. Сондықтан тазалықты сақтап отырамыз.
Туристердің қауіпсіздігі де маңызды. Зеренді көлінде құтқарушылар мен еріктілер күні бойы кезекшілік жасайды. Демалушылардың айтуынша, соңғы жылдары курорттық аймақтардың тазалығы пен қауіпсіздігі айтарлықтай жақсарған.
Марина Гвоздякова, турист:
- Зерендіге бірінші рет келдік. Бұл жердің табиғаты тамаша. Тазалық сақталады, қоқыс жәшіктері барлық жерде бар. Құтқарушылар қайықпен жүзіп, адамдардың қауіпсіздігін бақылап жүр.
Демалыс орындарының дені ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан. Сондықтан олардың санитарлық және экологиялық жағдайын орман шаруашылығы инспекциясының өкілдері қадағалайды.
Абзал Құсайынов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Демалыс орындары мен жағажайлардың санитарлық жағдайы, экологиялық ахуалы қанағаттарлық деңгейде. Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер жеткілікті, санитарлық-гигиеналық тораптар жұмыс істеп тұр. Жағажайларда бақылау мұнаралары мен құтқару құрылғылары бар.
Туристік инфрақұрылым Бурабай курорттық аймағында да айтарлықтай жақсарған. Биыл туристер үшін 45 тегін барбекю аймағы ашылып, 82 қоғамдық дәретхана орнатылды.
Андрей Подгурский, туризм басқармасының басшысы:
- Биыл қосымша 15 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Оның 5-еуі Бурабай кентінде, 10-ы ұлттық парк аумағында орналасқан. Мемлекеттің қолдауы арқасында мұндай нысандарды жеке балансына алған кәсіпкерлерге 83 300 теңге көлемінде өтемақы беріледі. Дәретханалардың жағдайын, қоқыстың шығарылуын апта сайын тексереміз.
Туризм басқармасының мәліметінше, демалыс күндері туристер легінің көбеюіне байланысты қоқыс тәулігіне 8 рет шығарылады. Жалпы жыл соңына дейін өңірге 1 миллион 200 мыңнан астам турист келеді деп болжанып отыр.
Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев
Тегтер #Таңдаулы #туристік аймақ #санитарлық гигиеналық талап #ЗерендіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz