RU
Толық нұсқаға өту

Семейде биыл 35 аула жаңартылады

27.07.2025, 09:01 353

Балалар мен спорт алаңдары, воркаут аймақтары, футбол және баскетбол алаңдары орнатылады. Бірқатар жобалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Оның аясында тұрғындар өздері өтініш беріп, абаттандыру бойынша ұсыныстарын жеткізе алады.

Аюченко көшесіндегі үшінші аула 30 жыл бойы жаңартылмаған. Енді мұнда толыққанды демалыс аумағы пайда болады. Балалар мен спорт алаңдарынан бөлек гүлзарлар орнатылады. Абаттандыру жұмыстары 10 шілдеде басталған. Нысанды айдың соңына дейін қолданысқа беру көзделген.

Бақыт Есембаева, қала тұрғыны:

- Мен осы Шығыс кентіне 27 жыл бұрын көшіп келгенмін. Бұл жерде ештеңе болған жоқ. Өзіміздің тұрғындар қолдарынан келгенше өз жұмыстарын істеп жатыр.

 Шағын ауданның кішкентай тұрғындары жаңа алаңның кереметін бағалап үлгерген.

Ярослав Якушев, қала тұрғыны:

- Әрине, ұнады. Футболмен айналысатын балалар бар. Олар күн сайын ойнайды. Енді басқа аулада емес, осы жерде ойнайды.

Аулаларды абаттандыруға қаражат қала бюджетінен бөлінді. Әр нысанға орта есеппен 60 млн теңге жұмсалды. Құрылыс жұмыстары жүретін мекенжайлар тұрғындардың өтініштері арқылы таңдалды.

Әкімжан Болтаев, қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің орынбасары:

- Аулаларды абаттандыру тізімі қала әкімдігі мен Қоғамдық кеңеспен бірлесіп әзірленеді. Бізде тұрғындардың абаттандыру туралы өтініштері бар. Олар тізімге енгізіледі. Кейін ол комиссия шешімімен бекітіледі.

 «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 35 ауланың 9-ы абаттандырылып жатыр. Оның аясында тұрғындардың өздері мекенжайлар мен аумақтарды көркейту бойынша ұсыныстар береді.

 Авторлары: Ботакөз Дандыбаева, Медет Өмірханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz