RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан БҰҰ-да ІІІ ерікті ұлттық шолу нәтижесін ұсынды

28.07.2025, 12:23 561

Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымының саяси форумы аясында ерікті ұлттық шолу нәтижесін ұсынды. Ел делегациясын Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев бастап барды. Құжатта Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына жетудегі осы уақытқа дейінгі жетістіктері баяндалған.

Сондай-ақ азаматтық қоғамның қатысуымен өткізілген өңірлік талқылаулардың қорытындылары қамтылады. Биылғы шолуда жастардың ұсынысы назарсыз қалмапты.

Біріккен ұлттар ұйымы жиынында сөздің әлқиссасы Абайдан басталған қазақстандық делегация осымен үшінші мәрте ерікті түрде ұлттық шолу өткізіп, орнықты даму мақсаттарына қандай қарқынмен қол жеткізіп келе жатқанын жаһан жұртшылығына мәлім етті. Биылғы есептегі ерекшелік еліміздің түрлі өңірлерінде өткен тыңдаулар болып отыр. Азаматтық қоғам, сарапшылар, жастар және жеке сектор өкілдерінің қатысуымен өткізілген қоғамдық жиындарда халық өз пікірін ортаға салып, өзекті мәселелер бойынша дауыс берген. Соның нәтижесі сараптала келіп, Нью-Йорктегі қауымға ұсынылды.

Асан Дарбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Бұл халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға және қазіргі көрсеткіштерімізді жетілдіруге үлкен мүмкіндік. Орнықты даму мақсаттары аясында басым саналатын индикаторларды жүзеге асыруда айтарлықтай даму біздің елде де бар. Бүгінде орталық мемлекеттік органдардың даму жоспарларына енгізілген 69 индикаторға көңіл бөліп отырмыз. Соңғы есеп осы мақсаттарға өңірлік деңгейде қол жеткізуге және соны саралауға арналды. Бүгінгі таңда өңірлердің даму жоспарларына 25 индикатор енгізіліп, орталықпен қатар жергілікті атқарушы органдардың да белсенді қатысуының жарқын мысалы болып отыр.

Қазақстандық есепте «Орнықты даму мақсаттары буыны» атты айрықша бөлім бар. Онда өңір-өңірде жүргізілген кездесулердегі белсенді жастардың көзқарасы қамтылған. Сол және өзге де тың ұсыныстар бойынша шетелдік мамандар өзара пікір алысып, толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Нұргүл Жанназарова, ҚР ҰЭМ Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры:

- Көпшілік жақсы қабылдаған сияқты. Үкіметтік емес ұйымдардың сұрақтары да болды. Өзге елдің де өкілдері тиісті сұрақтарын қойып, әсіресе мынау мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы бойынша біздің елде қандай шаралар қабылданды деген мәселелер бойынша сұрады. Сонымен қатар мынау әйелдер мен ерлер арасындағы теңдік, гендерлік теңдік мәселесіне байланысты елде қабылданып жатқан шаралар бойынша сұрады. Сонымен қатар климаттық өзгерістерге қатысты елдің ұсыныстарын сұрады. Осы жерде біз барлығын қамтуға тырыстық. Негізгі ерікті ұлттық шолуымызда 17 түрлі мақсаттың барлығының қысқаша сипаттамасы бар. Және соның ішінде тереңірек сегіз мақсатты біз талдау жасап, бірнеше жыл дайындалып, бүгін абыроймен осы 140 елдің алдында 37 елдің құрамында, солардың қатарында қорғап шықтық.

Қазақстан үшін Біріккен ұлттар ұйымының орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу ұлттық деңгеймен қатар, халықаралық аренадағы маңызды стратегиялық жетістік болғалы тұр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұйымның Алматыда ашылатын аймақтық ортылығы миллиондаған жұрттың өмір сапасын жақсартуға үлес қосары анық. Ол үшін осындай тәжірибе алмасу, сын мен сараптама өзектілігі арта бермек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz