RU
Толық нұсқаға өту

ІТ саласында 40 жаңа мамандық пайда болады

29.07.2025, 13:40 532

Киберадвокат, цифрлы заңгер, квантты криптолог. Жаңа мамандықтар атласында 2030 жылдан бастап осы кәсіпті меңгергендерге сұраныс артады деген болжам бар. Сол себепті елдегі оқу орындары еңбек нарығындағы жаңа талаптарға қазірден бастап бейімделуді қолға алған.

Серік Селеубайұлы,  тілші:

- Мамандардың есебінше, алдағы бес жылда ІТ саласында жаңа 40 мамандық пайда болады. Ал алтауы өзгеріске ұшырап, тоғызы қажетсіз боп қалмақ. Жойылып кететін кәсіптер қатарында колл орталықтардың операторлары, сайт жасаушылар мен әкімшілері бар. Олардың қызметін жасанды интеллект атқармақ. Ал жұмыссыз қалғандар не істемек?

Сарапшылар ешкім далада қалмайды деген пікірде. Бірақ ол үшін заман талабына бейімделу керек. Мәселен, он жылдан кейін жасанды нейронды желі жасаушылар, киберадвокаттар мен ІТ этика бойынша кеңесшілерге сұраныс артады.

Алмат Кенен,  IT-маман:

- Жасанды интеллектінің енуімен ІТ саласының маңызы артып отыр. Жаңа мамандықтар инженерия, компьютерлік технологиялар мен әлеуметтік ғылымдардың қосындысынан пайда болып келеді. Мәселен киберадвокаттар құқық саласында жоғары білімі бар азаматтар болуы шарт. Олар кейін ІТ саласындағы білімін арттырып, жаңа заманда сұранысқа ие маман бола алады.

Астаналық Самат Саяқовтың да ІТ саласында жүргеніне бес жылдан асқан. Мамандығын ақыл таразысына салып таңдадым дейді ол. Себебі жоба менеджерінсіз ірі бастамаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Дәл осы қызметкер команданы бір мақсатқа жұмылдырып, компанияны алға жетелейді. Сондықтан ІТ саласынан бастап құрылыс компанияларға дейін жоба менеджерісіз жұмыс істемейді.

Самат Саяқов, қала тұрғыны:

- Жобаларды басқару ұнайтын себебі, біріншіден осы жобалармен қазіргі цифровизация, ІТ салаларында жұмыс жасай аласың. Және бұл салалар қазір Қазақстанда болсын, жаөанда болсын, өте қарқынды дамуда. Және өзіме де осы технологиялардың алдыңғы сапында тұрып, осы заттарды дамытып, жаңа заттарды ашу маған өте қатты ұнайды.

ІТ саласына маманданған оқу орындары да еңбек нарығындағы сұранысқа сай жұмыс істеуге тырысып жатыр.  Мәселен, биыл бірнеше жаңа мамандық ашқан. Солардың бірі – атом энергетикасы саласындағы цифрлық технологиялар мамандығы. Елімізде бұл сала дамып келе жатқандықтан жасанды интеллект көмегімен атом реакторындағы үрдістерді жоспарлап, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ақаулардың алдын алатын мамандар керек.

Гүлвира Қабаева, Astana IT University  академиялық жұмыс бойынша проректоры:

- Бұл өңірдегі бірегей білім беру бағдарламасы. Сондықтан бұл мамандыққа түсуге талпынатын студенттер көп болады деп ойлаймын. Себебі нарықта бұл мамандыққа сұраныс бар. Жұмыс берушілер ІТ саласын меңгерген инженерлерге таласып жүр. Сонымен қатар, бұл дағдыны меңгерген мамандар қауіпсіздік, бизнес басқару және журналистика салаларында да сұранысқа ие.

Кәсіби бағдарлаушылар да соңғы кезде оқушылардың ІТ саласын жиі таңдайтынын айтады. Бұл сала техникалық ғылымдарға бейім және логикасы дамыған адамдарға қолайлы. Сонымен қатар айти маман өмір бойы білім алуға тиіс. «Ал технологиялар дамыған заманда бұл саланы меңгеру ауадай қажет», - дейді сарапшы.

Олжас Сәкенов, «Мамандығым – болашағым» кеңсесінің басшысы:

- Қазіргі жұмысшы мамандықтар, ол мысалы, оператор БПЛА немесе оператор проходческой машины деген мамандық бар. ол комфортный бір кеңседе отырып, қашықтан үлкен бір машинаны айдауға мүмкіндігі бар. сондықтан да қазіргі кезде жұмысшы мамандықтардың технологиялары, жұмыс жағдайы өзгеріп жатыр.

Сарапшылардың сөзінше, жасанды интеллект жаппай жұмыссыздыққа алып келмейді. Себебі елімізде қайта оқыту бағдарламалары жасалып жатыр. яғни, жаңа технологияларды меңгеріп, заман талабына бейімделсе екі қолға бір күрек әрқашан табылады дейді олар.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қанат Махмұтов, Өрден Жарқын

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz