Ақмола облысындағы 36 ауыл ауызсумен қамтылады. Қазір елді мекендерге жаңа су құбырлары салынып жатыр. Оның ішінде 28 жоба қайтарылған заңсыз активтер есебінен жүзеге асады.
Бұл мақсатқа арнайы мемлекеттік қордан 21,5 миллиард теңге бөлінген. Қаражаттың басым бөлігі Зеренді ауданындағы ауылдарға су құбырларын тартуға бағытталды.
Өркен ауылында мыңнан астам адам тұрады. Олар тіршілік нәрін тасымалдап тұтынады. Биыл көктемде ауылға жаңа су құбырлары тартыла бастады. Жобаға арнайы қордан 1 миллиард 400 миллионнан астам теңге бөлінді.
Баймұрат Жетпісбаев, Өркен ауылының тұрғыны:
- Бізде негізінде су бар. Бірақта ішуге жағдайы келмейді. Көбі жан-жақтағы ауылдардан тасиды. Біз өзіміз Көкшетаудан тасимыз. Ал енді қазір жер табылды. Ол жер өзі елу жылдан асады деген қоры бар. Ол бес рет тазалықтан өтіп, халыққа беріледі.
Сайлаубай Сауытбеков, Өркен ауылының тұрғыны
- Егер үйде таза су болса, таза су ішіп отырсақ, бізге қандай тамаша. Деңсаулыққа да жақсы. Бала-шаға, немерелер бар, таза су деңсаулыққа пайдалы. Көктемде мердігерлемен кездестік. Олар су тартып береміз деп уәде берді. «Осы қазан айында мүмкін бітіріп те берер.
Ауылда ұзындығы 30 шақырым болатын жаңа су құбыры салынып жатыр. Орталықтандырылған су жүйесіне 420 абонент қосылады. Су екі ұңғымадан алынып, бес сатылы сүзгіден өтеді. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс.
Дастан Мақажанов, жоба жетекшісі:
- Екі ұңғымамен құбырдан шығып 3 километр құбырмен Өркен ауылына су барады. Ол ауылдың ішінде әрбір абонентке қақпасына дейін су жеткізіп беру мақсатымызда бар. Бүгінгі күнде 30 километр құбырдың 15-16 шақырым құбыры жерге салынып жұмыстар жүргізіп жатыр. Он шақты техника жұмыс істеп жатыр, 23 адам жұмыс істеп жатыр. Толық материалдармен, жабдықтармен қамтылған.
Биыл Зеренді ауданында су құбырларын салу және қайта жаңарту бойынша 13 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған 8,5 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 6 миллиардтан астамы арнайы қордан бөлінген.
Аслан Әбутәліпов, тілші:
- Жыл соңына дейін елдімекендерді сумен қамту бойынша барлық жобалар толық аяқталады. Ал 42 шағын ауылға кешенді блок-модульдер орнатылады. Нәтижесінде, өңір тұрғындарының 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылады.
Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев
Тегтер #Ақмола облысы #ауыз су мәселесі #елді мекендерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz