Ауыл азаматтары бас болып өздері өрт сөндіру бекетін салып жатыр.
Түркістан өңірінде осындай екі бірдей нысанның құрылысы басталды. Туған жердің түлектері «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасына қатысып, ондаған елдімекеннің өртке қарсы қезметін жетілдіруге үлес қосты. Модульді бекеттерде авариялық құтқару жасағы да құрылады.
Құтарыстағы заманауи өрт сөндіру бекетінің құрылысы қыркүйекте аяқталады. Нысанның іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып жатыр. Енді өрт болса, жедел әрекет ету жеңілдейді, дейді тұрғындар. Тіршілігі ауыл шаруашылығына байланған диқандар егін даласының қауіпсіздігі үшін қуанышты.
Сайлаубек Сихымбаев, Сайрам ауданының құрметті азаматы:
- Мысалы, өрт бола қалған жағдайда осы күнге дейін аудан орталығынан жетіп келуіне жарты сағат кетеді. Бір үй өртенді десек ол жарты сағатта өрт қарап тұрмайды. Сол себепті ауыл тұрғындары өте қуанышты.
Жаңа нысан «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында бой көтерді. Құтарыспен қоса тағы алты ауылдың қауіпсіздігі күшейтіліп, өртке қарсы қызметі жетілдіріледі. Игі іске туған жердің түлектері бастамашы болды
Роман Ниязалиев, кәсіпкер:
- Туған жерімізге игі іспен үлес қосуды құп көрдік. Өрттен болатын зардаптарды есептегенде біздің шығын түк емес. Сондықтан осындай бекеттер көп салынса деймін.
Түркістан облысында 800-ден астам елді мекен бар. Басым бөлігі аудан орталығынан шалғай орналасқан. Сол себепті сала мамандары демеушілердің бұл бастамасын қолдап, бекеттің материалдық-техникалық жабдықталуын жауапкершілігіне алды. Жұмысшыларды оқытып, қатарға қосады.
Әскер Сарбатов, ТЖД бастығының орынбасары:
- Бұл өрт сөндіру бекетінің негізгі мақсаты өртті алдын алу, оның таралуына және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге көмектеседі. Авариялық құтқару кезметтері де болады. Яғни қыстың кезінде де өрт сөндіру бекеті өзінің тиімділігін көрсететін болады.
Жалпы елде 1 700-ден астам елдімекен өрт сөндіру бекетінен 20 шақырым қашықта орналасқан. Осыған байланысты биыл «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа бөлімшелер ашуға басымдық берілді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Түркістан облысы #өрт сөндіру бекеті #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz