RU
Толық нұсқаға өту

Іле Алатау ұлттық табиғи паркіне былтыр 800 мыңнан аса турист келген

02.08.2025, 19:35 517

Іле Алатау ұлттық табиғи паркіне былтыр 800 мыңнан аса турист келген.

Биылдың 7 айында 500 мыңнан астам қонақ таулы табиғатты тамашалаған. Туристердің жиі табан тіреуі үшін инфраструктура талапқа сай болуы тиіс. Алматы маңына жақын туристік нысандар қалай дамуда?

Алматыға келген қонақ тауды тамашаламай кетпейді. Мегаполистің ыңғайлылығы сол, қаланың шуынан шаршасаңыз, табиғат аясына жету оңай. Бірақ келушілер лайықты инфраструктура мен сапалы қызметті қалайды. Іле Алатау ұлттық табиғи паркі туристердің уақытын үнемдеу үшін төрт бақылау өткізу бекетін автоматтандырды. Жаяу жүргіншілер мен автокөліктер бекітілген тарифті онлайн төлеу арқылы кедергісіз өте алады. Айтпақшы, төленген ақы туристік бағыттарды абаттандыруға, қоқыстарды жинауға жұмсалады.

Арқау Шантаев, Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары:

- Бұл автоматтандыру жүйесі ІІМ базасына тікелей қосылған. Кез келген көлік жақындаған кезде мемлекетік нөмірі оқылады да, камералармен арнайы төлемақылы QR дайын шығып тұрады. Келесіздер төлейсіздер, өте беретіндей ыңғайлы етіп жасап қойдық. Тариф өткен жылы бекітілген. Тариф МРП-ға айлық есептік көрсеткішке байланысты бекітілген. Жыл сайын өсіп тұрады. Жыл сайын келуші көліктердің де саны артып отыр.

Туристік нысандардың инфраструктурасы ақсап жатқаны жасырын емес. Қазір көліктер үшін Үлкен Алматы көліне апаратын жол жабық. Себебі жол тозған, қауіптілігі жоғары. Аталған жол учаскесі «ҚазАвтоЖол» мекемесінен Алматы әкімдігінің қарамағына алынды. Келер жылы жөндеу жұмыстары басталады. 

Іле Алатауы ұлттық паркті туристердің жиі келетін жері. Үлкен Алматы көлі теңіз деңгейінен 2 550 метр биіктікте орналасқан. Бірақ мұнда жаяу туристердің келуіне жол қарастырылмаған., Енді биыл жаяу жүргіншілерге арналған жол салынбақ. 16 шақырымдық соқпақ жолдың 1,5 шақырымы биыл жылдың соңына дейін абаттандырылады.

Іле Алатау Ұлттық табиғи паркінде 46 туристік маршрут бар. Биыл Алматы қаласы әкімдігімен жасалған ынтымақтастық меморандумы шеңберінде 11 соқпақты абаттандыру, 3 кемпинг аумағын және 3 бұлақ көздерін қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Ірі құрылыс компаниясының жеке инвестициямен Алма-Арасан – Терра алаңы арасындағы 15 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған жол жасалады.

Сиао Ли, турист:

- Алматыға Бейжіңнен арнайы келдім. Бұған дейін Өзбекстанда болдым. Қала ішін велосипедпен аралап жүрмін. Астана, Ақтау қалаларында болдым. Қазақстан өте қауіпсіз мемлекет. Адамдары да мейірімді. Ал табиғаттын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Керемет.

Туристерге қолайлы жағдай жасаумен қатар, оларға қойылатын талап та күшейтілуде. Ұлттық парк аумағында 2000-ға жуық өсімдік түрі бар, оның ішінде 37-сі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Жануарлар әлемі де ерекше бай. Сондықтан табиғи ортаны сақтап, дамыту маңызды.

Елнұр Ахметов, Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің бас директоры:

- «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Ұлттық табиғи паркте «саябақтар шеруі» деген тағы бір акциямыз бар. «Орман мектептері» деген үлкен бір жақсы құрылым құрғанбыз, сол жерде оқушылар, студенттер келіп, питомникте жұмыс атқарып, ағаштың қалай өсетіні, топырақтың қалай дайындалатыны, соның барлығы атқарылып жүргізіледі. Экологиялық түсінігімізді экологиялық танымымызды халыққа солай жеткізсек деген ойдамыз.

Биыл шілдеде жаңбыр болмай, таулы аймақтарда өрт қаупі артты. Ұлттық паркпен шектесетін беткейлерде 7 өрт оқиғасы тіркелді. Сондықтан орман өртінің алдын алу үшін бес өрт сөндіру стансасы жасақталды. Алдағы жылы ұлттық парк аумағында орман өртін алыстан бақылайтын құрылғылар орнатылады.

Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев, 24KZ

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz