RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында жыл соңына дейін тағы алты мектеп бой көтереді

03.08.2025, 07:47 401

Атырау облысында жыл соңына дейін тағы алты білім ордасы бой көтереді, деп хабарлайды 24kz.

Бұл бастама «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Қазір облыс орталығынан бөлек, Жылыой мен Құрманғазы ауданында оқу ордаларының құрылысы қарқын алды.

Құрманғазы ауылындағы Ломоносов орта мектебінің іргетасы 1961 жылы қаланды. Ескі білім ордасы 320 оқушыға арналған. Бірақ биыл 800-ден аса бала оқуын осында тәмамдады. Жарты ғасырдан аса уақыт бұрын салынған мектепте мәселе деген шаш етектен.

Толқын Әжіғалиева, мектеп директоры:

- Балаларды оқытуға орын жетіспейді және де қосымша түс қайта балаларды шақыртып, сабақ, үйірме, факультатив жүргізуге бізде орын жоқ. Сыймайды. ҰБТ-ға емтихандарға дайындық кездерінде де осындай проблема.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Құрманғазы ауданында екі білім ордасы салынып жатыр. Бірі – аудан орталығында, екіншісі – Ақкөл ауылында. Мердігер мекеме өкілінің сөзінше, құрылыс қазан айында аяқталады. Жұмысқа 130-ға тарта адам тартылған.

Жеткіншек Ерғалиев, мердігер мекеме өкілі:

- Қазіргі уақытта жасалынып жатқан жұмыстарымыз: бізде әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Сосын бетон құю, шатыр жабу жұмыстары жүріп жатыр. Іште тегістеу қабаты құйылып жатыр. Жертөледе жұмыстар жасалып жатыр. 2 спорт залымыз бар. Билеу класы бар. Ұсақ  кластарға бөлек блок арналған. Олар бөлек кіреді. Машиналарға өзінің бөлек стоянкасы болады. Үлкен класстарға бөлек бөлінген.

Былтыр «Келешек мектептері» жобасы аясында өңірде 3 мектеп қолданысқа берілген. Биыл тағы алтауының құрылысы аяқталады деп жоспарланған.

Айнагүл Жұмағазиева, білім басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл мектептерде шәкірттер мен ұстаздарға толыққанды жағдай жасалады. Олардың қауіпсіздігі де ұмыт қалған емес. Жедел басқару орталығына қосылған. Бейнебақылау камералары орнатылып, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылады.

Жаңа мектептер үш ауысымды білім беру мәселесін түбегейлі шешуі тиіс. Қазір облыс бойынша 10 мектеп үш ауысымды жүйемен жұмыс істейді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz