Батыс Қазақстан облысында былтыр 389 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.
Соның арқасында келте жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген тұрғындар өз ісін өрге бастырып, кәсібін дөңгелетті. Мәселен Орал қаласының тұрғыны Маруся Қайырова ешкі сүтін сатып, табысқа кенеліп отыр.
Бір жыл бұрын Маруся Қайырованың қорасында 5 шыбыш болса, биыл шекшек ата тұқымының саны 11-ге жетіпті. Барлығы да асыл тұқымды альпі ешкілері. Суыққа тоңбайды, желге төзімді. Ең бастысы тәулігіне төрт литрге дейін сүт бере алады. Соның арқасында қала тұрғыны өз бизнесін дамытқан.
Маруся Кайырова, Орал қаласының тұрғыны:
- Ауылда тұрып 2-3 ешкіден бастадық қой. Былтыр балалар грант алып, 1 млн 470 мың, сол ешкінің басын көбейттік. Соның арқасында ешкілерімізді сауып жатырмыз. Жай ешкілердей емес, бұларда бір сауғанда үш литрден, литр жарымнан шығады. Бір күнде екі рет сауамыз ғой.
Ешкі сүтіне деген сұраныс та жоғары. Біреуі емдік қасиетіне бола қызықса, емшек сүтіне жарымаған нәрестелерге де ешкі сүті пайдалы көрінеді.
Мағрипа Тілепова, теректі ауданының тұрғыны:
- Ешкінің сүті 99 ауруға ем болады дейді. Соның ішінде асқазан-ішек жолдары бар еді менде. Асқазанда жара бар деді дәрігерлер. Ең бірінші дәрігер қарауында болып, бір ай ем алып, сосын осы жерде ешкінің сүті бар дегенді естіп, іздеп келіп, сүтін іштім. Ішкенде өте жұмсақ, йогурт сияқты екен.
Өткен жылы өңірде 389 тұрғын қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, өз бизнес идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алыпты. Оларға жалпы сомасы 547 млн теңге берілген. Басым көпшілігі ауылшаруашылық саласын таңдапты.
Саян Баймұқанов, облыстық Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры:
- Аталған көмекті 7 әлеуметтік топқа алуға мүмкіндіктері бар. Ол атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылған отбасылар немесе мүгедектігі бар тұлғалар, не мүгедектігі бар тұлғаларды асырап отырған ата-аналар, қандастарымыз аталған көмекті ала алады. Биылғы жылы да аталған жұмыс өз жалғасын табуда. Биыл 395 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарда бар.
Күні бүгін алғашқы комиссия отырысы өтіп, 191 тұрғын қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген. Тамыздың ортасына қарай гранттың екінші легі өз иесін таппақ. Бұл мақсатқа қазынадан 650 млн теңге қаралған.
Е.Жылқайдарұлы, Қалыбек Ақрап, 24КZ
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #БҚО #ауылшаруашылығы #Таңдаулы #Жұмысшы мамандықтар жылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz