RU
Толық нұсқаға өту

Қыран қазақ – Талғат Мұсабаев

04.08.2025, 15:07 510

Алысты емес, ғарышты мойындатқан Талғат Мұсабаев 74 жасында дүниеден өтті. 

Ол қазақтың екінші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері. Оның өмірі көкпен байланысты болды. Рига азаматтық авиация инженерлері институтын бітірген. Одан әрі әуе саласында әлеуетті еңбек етті. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы болып, отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсады. Кейін түрлі салалық комитеттерді басқарып, Сенат депутаты болды. Онда да ел мен қоғам мүддесі үшін аянбай еңбек етті.  

Әр кімнің көңіл кептері бар. Кеудедегі тордан кеңістікке ұмтылады. Тыншымай, қанат сермейді. Біздің кейіпкер көкті көкседі. Талғат Мұсабаев ғарышты талап қылды. Әкесі тілші, қаламгерлік тіршілікке тартса, анасы дәрігер, медицинаны дәріптеді. Алайда жан қалауына талас бар ма? Оның үстіне тұңғыш ұлына Талғат Бигелдиновтың есімін ырымдап қойған. Ырымы қырын кетпей, тіпті бұлттан асып түбі жұлдызға самғады.

Мейірбек Молдабеков, Техникалық ғылымдар докторы, профессор, ҰҒА академигі:

- Талғат Мұсабаев – жәй ғана жүрегінің түгі бар батыр емес, ол жоғары білімді, кәсіби маман. Талғат авиацияның радио инженерін бітірген. Қазақстанның авиациясында қызмет атқарған. Сөйтіп жүріп, ылғи аспанға ұмтылысы оған тыныштық бермей, ол ең алдымен ұшақпен ұшатын ұшқыш болды. Кукурузникпен Алматы облысына адамдар тасып жүрді.

Кейін кеңес одағының ғарышкерлер отрядына қабылданды. Осылайша, екінші боп, мұртты қазақ мұратына жетті. Бұл кезде Талғат Мұсабаев 43 жаста еді.

Көкке көк тумен бірге Конституицияны ала кетті. Атамекен топырағын да тұңғиыққа тарту етті. Сосын құпия әлемде қорған болсын деп қолына құран алды. Әлем Абайдың сөзімен әуеледі. Талғат Мұсабаев борт-инженер әрі командир боп ұшты. Бұндай қабілет ғарышкер бойында некен-саяқ кездеседі. 

Мейірбек Молдабеков, Техниклаық ғылымдар докторы, профессор, ҰҒА академигі:

- Ол қасындағы борт-инженерлермен үлкен ерлік жасап, ғарыш станциясы акумуляторлары отырып қалып, істен шығып тұрған жағдайда олар өзінің білімі арқылы сол станцияны тірілткен ерлігі бар.

Ол үш мәрте ғарышқа сапарлап, 341 тәулікті ғарышта өткізген тұңғыш қазақ. Оның абыройын айтпағанда, алған атағы да көп. Бір айда 5 рет ашық ғарышта болған сапары үшін Гиннесстің рекордтар кітабына енген. «Алғашқы ғарыш хирургы» деген де айдар тағылды. Америкалық Деннис Тито атты туристі ғарышқа апарып, оған екпе салып, басындағы жарасын тіккені үшін солай танылды. Ал, анығына келгенде Талғат Мұсабаев – Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы. Сосын Сенатта депутат. Жалпы ғарыш саласын қарыштатуға бірден-бір еңбек сіңіргендер қатарында. 

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазақстанның ғарыш саласын дамытуда Қазсат 1, Қазсат 2, Қазсат 3-тің орбиталарында жұмыс істеуінде, өзіміздің платформаларымызды және ғарыш саласын цифрландыруға қатты көңіл бөлді. Ғарыш саласында ашылған бүкіл ғылыми жұмыстардың бәрін біздің экономикамымызға алып келуге тырысты.

«Ғарышкерлерді ғарышқа қазақтың ұшқанын көрсету үшін емес, елімізде басқарылатын ғылыми бағдарламаларды дамыту үшін жібереміз». Талғат Мұсабаевтың бұл сөзінен ұлт ұланының атағынан ұлт мұраты биік тұру керек дегенді аңғарамыз. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz