Шымкентте ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салық төмендетілді.
Бұрын оның мөлшері өзге өңірлермен салыстырғанда 45 есе жоғары болған. Шымкент 2018 жылы мегаполис мәртебесін алғанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптар автоматты түрде қала аумағына тиесілі елдімекен жерлері санатына өтті. Содан бастап салық мөлшерлемесі қалалық жылжымайтын мүлікке теңестіріліп, әр гектар үшін 91 мың теңгеден жоғары төлем белгіленген. Ірі шаруаларға бұл ауыр тиді. Бірнеше жыл ішінде миллиардтаған теңге берешек жиналып, жағдай тығырыққа тірелді. 2022 жылы қалалық мәслихаттың араласуымен салық мөлшерлемесі 50%-ға төмендегенімен мәселе түбегейлі шешілмеді. Енді Салық кодексіндегі өзгерістер арқасында оң шешімін тапты. Тиісті заңға Мемлекет басшысы қол қойды. 2026 жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер әр гектар үшін шамамен 1 000 теңге ғана төлейді.
Талғат Мекенбаев, қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы:
- 4 мыңнан астам шаруа қожалықтары тіркелген. Бұл олар үшін едәуір көмек болып саналады. Қаламыздың азық-түлік қауіпсіздігіне көмектеседі. Өйткені көп кәсіпкер салықпен-ақ қиналып қалды.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Шымкент #Жер #ауыл шаруашылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz