RU
Толық нұсқаға өту

Талас ауданындағы екі ауыл жол азабын тартып отыр

06.08.2025, 08:33 301

Талас ауданындағы Қайыр мен Арал елді мекендерінің халқы жол азабын тартып отыр, деп хабарлайды 24kz.

Ішкі жолдарды айтпағанда екі ауылға апаратын күрежолдарда асфальт жоқ. Боран соғып, жауын-шашын бола қалса, аудан орталығына жету мұң. Оқушылардың мектепте баруы қиындайды.

Мерей Бает, тілші:

- Қайыр ауылының тұрғыны Мұхит Тұрмағамбетовтың айтуынша, қатар жатқан екі елді мекеннің ортақ проблемасы осы – жол. Ауылдар округ орталығынан небәрі 12 шақырым жерде орналасса да, әлі күнге екі арада жол салынбаған. Ауылішілік көшелерде асфальт жабыны атымен болмаған.

Мұхит Тұрмағамбетов, Қайыр ауылының тұрғыны:

- Қылқылдаймыз, айтамыз, шаршадық. Мына жақта да бір ауылымыз бар. Бір-бірімізге қатынау қиын. Автобус жүрмейді. Такси шақырсаң, бағасы удай. Мына жолға келмейді. Негізі ұмыт қалған сияқты екі ауыл. Бізге ешқандай көмек жоқ. Қарамайды, келеді, өтірік уәде береді, кетеді.

Тұрғындар: «Күз бен көктемде ауыл ішінде жүру мүмкін емес», - дейді. Себебі елді мекен құмды аймақта орналасқандықтан, жауыннан көшелері ми батпаққа айналады. «Жаяу түгілі көлікпен жүру қиын», - дейді жұрт.

Қалбай Қадырбаев, Үшарал ауылдық округінің тұрғыны:

- Қыстыгүні батпақ лай жеңіл машинаға өте қиын. Үлкен тракторлар болмаса, арнайы техникалар болмаса, жеңіл машиналар анда-санда өтеді.

Аудан билігі ауылға апаратын 12 шақырым жолды 2020 жылы аудандық маңызы бар жолдардың қатарына қосыпты. Сөйтіп, 2023 жылы жобалық сметалық құжаттама жасаған. Тақтайдай тегіс жол салу үшін облыстық бюджеттен 540 миллион теңге сұраған. Бірақ бірнеше жыл қолдау таппай, құжаттың мерзімі өтіп кетккен.

Ринат Бекбосын, Талас ауданы әкімінің орынбасары:

- Жобаны 3 жылдық мерзімі өтуіне байланысты корректировкаға береміз. 90/10 әдісі болмаған жағдайда, 50/50 әдісін ұсынамыз. Яғни, жартысы 50%-і облыстық бюджеттен, 50%-і аудандық бюджеттен қарастыру мүмкіндігін қарастырамыз.

Осылайша, жергілікті билік қаржы көзін іздеп жатқанда, ауылдықтар жол азабын тартуда. Құжаттар мақұлданып, ақша бөлінгенше, жауаптылар жол бетін тегістеумен ғана шектеледі. Жалпы Таласта аудандық маңыздағы 193 шақырым жол болса, соның 12 шақырымына асфальт төселмеген.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz