Баланың бұрыс жолға түспей, дұрыс азамат болып қалыптасуы отбасында алған тәлім-тәрбиесіне байланысты.
Алайда ата-ана кей-кейде осы мәселеге салғырт қарап, кейін одан опық жейтіні рас. Мәселен, жыл басынан бері 17 мыңнан астам ата-ана баласының балағат сөзі үшін жауапқа тартылған. Әлеуметтік желіде бейәдеп жазбалар қалдырған жасөспірімдерге де жаза қатаң. Заңдағы өзгерістерге сәйкес енді мұндай ұсақ бұзақылық үшін айыппұл мөлшері де ұлғайған.
Жансая Қуанышпайқызы күнделікті есік алдында қызын ойнатады. Алайда, аулада ойнап жүрген балалардың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады дейді ол. Бұрын бұзықтар үлкендерден именіп, балағат сөзді оңашада ғана қолданатын. Қазір ешкімнен қаймықпайды, -дейді ана.
Жансая Қуанышпайқызы, қала тұрғыны:
- Менің қызым бейәдеп сөздерді мүлде айтпайды, үйде қолданбаймыз. Бірақ кейде үйге келген кезде сол сөздерді үйреніп келетіні бар. Мысалы, аулаға шығып баламды ойнатқан кезде басқа балалардың жаман сөздерді айтып жүргенін өзім де естіп қаламын. Айтады ғой, енді тәрбие отбасынан басталады деп, бірақ қоғамның балаға берер әсері көбірек.
Жеткіншектер әлеуметтік желіде де балағат пікір қалдырудан жасқанбайды. Ал бейәдеп сөз автобуста, кинотеатрда тіпті ойын алаңында айтылса да Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-ші бабына сай ұсақ бұзақылық саналады. Жыл басталғалы бұл бап бойынша жүзден астам балаға жаза қолданылып, 17 мыңнан астам ата-ана жауапқа тартылған.
Ботакөз Жалекешова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі:
- 16 жасқа толған кәмелетке толмаған балаға әкімшілік хаттама өзіне толтырылады. Еліміз бойынша 16 жастан бастап әкімшілік жауапкершілікке кәмелетке толмағандар тартылады. Қазіргі таңда өзінің баласының тәрбиесімен айналыспаған 17 мыңға жуық ата-ана жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘКК 127 бабы бойынша және 434 бап бойынша 131 кәмелетке толмаған бала.
Жеке тұлғаға зәбір көрсетіп, айналасындағыларды құрметтемеген бала үшін әке-шешесіне 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Немесе бестен он бес тәулікке дейін қамауға алынады. Кез келген азамат баланың балағат айтуына куә болса, телефонға түсіріп құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Ол үшін ата-анасының рұқсаты қажет емес дейді заңгер Аржан Садуақас. Оның айтуынша, бұл Ата заңда бұрыннан бар норма. Тек қоғам енді қолдана бастады.
Аржан Садуақас, заңгер:
- Қандайда бір құқықбұзушылық болса, сіз міндетті түрде оны фото-видеоға түсіре аласыз. Ол азамат кәмелет жасқа толсын-толмасын маңызды емес. Егерде құқықбұзушылық болса, ұсақ болсын, қылмыстық жауапкершілік болсын маңызды емес. Міндетті түрде фото-видео түсіруге болады. Себебі сіз оны дәлелдеме ретінде көрсеткіңіз келеді. Оны әлеуметтік желіге салып, азаматтың абыройына нұқсан келтіретін ой жоқ.
Бала тәрбиесі – қоғам айнасы. Қалай десек те, жеткіншектер үлкендерден үлгі алады. Сондықтан аға буын алдымен өзінен бастау керек. Бүлдіршінді бірден тыймаса кейін қалыпты нәрсеге айналып кетеді дейді балалар психологы.
Элеонора Кошаналиева, Психологиялық қолдау орталығы Психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы:
- Сөздің мәдениетін, сөздің құдіретін түсіндіретін болса, кез келген саналы бала ондай іс-әрекетті жасамауға тырысады. Егер ата-анасы балағаттаған кезде немқұрайлы қарап, кейін өскенде қояды, өзгереді деп ешкім ештеңе демесе, балада мынадай ұғым пайда болады: онда мен шекарадан ары қарай жүре аламын деп. Оны ары қарай әдетке айналдырады.
Бала 16 жасқа толғанға дейін жауапкершілік ата-анаға жүктеледі. Одан кейін басқан қадамына өздері жауапты. Жұмыссыз болса, айыппұл әке-шешесіне немесе заңды өкіліне салынады. Сондықтан, бала тәрбиесінде бармақ тістеп қалмас үшін бәрін басынан ескерген жөн.
Данияр Қайратұлы, Ақылбек Есімсейітов, Өрден Жарқын, 24KZ
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #балалар #қоғам #мәдениет #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz