Павлодардағы Достық үйінде «Жас еңбеккер – ел үміті» атты форум басталды, деп хабарлайды 24kz.
Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай ұйымдастырылды. Форумға еңбекке енді араласқан жастар, жазғы демалысында жұмыс істеп, нәпақа тапқан студенттер мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Сонымен қатар ата-аналар мен этномәдени бірлестік өкілдері де атсалысты.
Павлодар – индустриалды әрі аграрлы өлке. Оқу орнын бітірген жастар өндіріс орындарына жұмысқа тұрады. Ал, жоғары сынып оқушылары жаз бойы жұмыс істеп, нәпақа табады. «Жас еңбеккер – ел үміті» форумы осындай еңбекқор жастардың басын қосты.
Еркебұлан Тіленіш, оқушы:
- Жастар үшін негізінен жұмыс істеу – ол үлкен мүмкіншілік. Біріншіден, жаңағыдай табыс табу болса, екіншіден, тәжірибе жинау және ата-анаға көмектесу.
Айсезім Қадырбек, «Алюминий зауыты» кәсіпорнының еңбек қауіпсіздігі бойынша инженері:
- Жалпы техникалық реттеу, қауіпсіздік жөнінде көп адамдарға тигізер пайдасы зор және де осы мамандық бойынша жастарды жұмыс істеуге шақырамын. Менің мамандығым жалпы зауыт болсын немесе техникалық ретеуді қажет еңбек орындарында өте тиімді және қажет мамандықтардың бірі болып табылады.
«Жас еңбеккер – ел үміті» форумы тек еңбекке баулитын алаң емес, жастарға артылған зор сенімнің көрінісі. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов арнайы келді.
Марат Әзілханов, ҚХА төрағасының орынбасары:
- Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы бүгін, міне, Павлодар өңіріне келдік. Делегациямызда этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар. Жастардың көшбасшылары бар. Басты мақсат – әлбетте осы өңірдегі ҚХА өкілдіктерімен, ұйымдарымен, құрылымдарының жұмыстарымен танысу.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай Павлодар өңірінде ерекше атап өтетін жоба осы Ассамблея мүшелерінің қатысуымен жүзеге асуда.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #Павлодар #Жұмысшы мамандықтар жылы #форум #ҚХАPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz