«Жастарға жұмыс». Тараздағы ойын-сауық орталықтарының бірінде дәл осындай атаумен еңбек жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды 24kz.
Ұйымдастырушылар жәрмеңкені адам қарасы көп, осындай орталықтарда өткізуді дәстүрге айналдырды. Себебі, мұнда келген адам жұмыс берушімен тілдесе алады. Бүгінгі шарада 50-ден аса мекеме 250 бос орын ұсынды.
Нұрсұлтан Нұғмансая былтыр жоғары оқу орынын бітірді. Жас маман математика пәнінің мұғалімі. Бір жыл бойы бірнеше мекемеге жұмыс іздеп барғанымен, мамандығына сай орын таба алмаған. Жәрмеңкеге келіп, өзімен қоса іні-қарындасына да жұмыс тапты.
Нұрсұлтан Нұғмансая, қала тұрғыны:
- Барлығын көріп ұнаған ваканциялар бойынша сұрақ қойып, қазір осы жерден бәрінен консультация алып жатыр. Енді алдағы таңда жақсы-жақсы жұмыстармен осы екі бауырым мен қарындасымды қазір орналастырамыз деген ойдамыз. Енді өзіме де қарап өттім. Бір-екі жұмыс бойынша байланыс телефонын алдық. Алдағы уақытта солармен хабарласып, ойдағы жұмысты табамыз деген ойдамыз.
Жәрмеңкеде 50 мекеме бос жұмыс орнындарын ұсынды. Олардың қатарында медицина, білім саласы мен ауыр өнеркәсіп, жеке меншік құрылыс компаниялары бар. Жұмыс іздеген жан мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласынан да қызмет таба алады.
Дауыл Ынтықбаев, «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
- Жаз уақыты болғандықтан жастардың көбісі осындай адам көп жиналатын ойын сауық орталықтарында келеді. Себебі бұл бірінші рет емес, екінші рет қатарынан ұйымдастырылып отыр. Мысалы өткен жәрмеңкемізде 45 жас азамат жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.
Іздеген жұмысын тапқан адамға мансап орталығының мамандары көмектесуге әзір. Құжатын Enbek kz платформасына тіркеп, бірден жолдама береді. Жалпы орталық қызметкерлері биыл 10 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Ерғали Кембаев, қалалық мансап орталығы директорының орынбасары:
- Қазіргі таңда тұрақты жұмыспен 6 айдың қортындысымен біз 4800 адамды жұмысқа орналастырдық. Алдағы уақытта жұмыстар жүріп жатыр. Әр ай сайын осындай жәрмеңкелер және Тараз қалалық мансап орталығында ашық есік күндері өтеді.
Ұйымдастырушылар Таразда дәнекерлеуші, электр маманы, аспазшы сынды жұмысшы мамандарына сұраныс бар екенін айтады. Жиында тұрғын үй, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау мәселелері бойынша да тегін кеңес берілді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә
Тегтер #Тараз #жастар #еңбек жәрмеңкесі #Жұмысшы мамандықтар жылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz